ҚАЖК экс-банкир Жомарт Ертаевтың бостандыққа шыққанын растады
ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың бостандыққа шыққанын растады.
«Сот тағайындаған жазасын толық өтеуіне байланысты аталған сотталушы босатылды. Сонымен бірге заңнамаға сәйкес оған алты жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленеді. Әкімшілік қадағалау – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның жүріс-тұрысына ішкі істер органдары тарапынан заңда белгіленген тәртіппен бақылау жүргізу», – деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.
Ертаевтың бостандыққа шығатыны бұған дейін де хабарланған.
2025 жылғы 3 қыркүйекте оны босату туралы шешім қабылданғаны, кейін бостандыққа шыққаны туралы ақпарат тараған. Алайда 1 қазанда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ертаевты босату туралы шешімнің күші жойылғанын мәлімдеді. 2 қазанда ҚАЖК оның қамауда отырғанын хабарлаған.
Жомарт Ертаев 2020 жылғы 16 қарашада Bank RBK ісі бойынша кінәлі деп танылған. Сот оны банктен 144 млрд теңге жымқырды деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге 11 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы банк саласында қызмет атқаруға тыйым салынған.
Осы іс бойынша кәсіпкер Бақыт Ибрагим сегіз жылға сотталған еді.
2021 жылғы 14 мамырда Ертаев, Ибрагим және істің тағы бірнеше фигурантына тағайындалған жаза жеңілдетілді, алайда Ертаев пен Ибрагим қамауда қалды.
Ал 2022 жылғы 17 маусымда Жомарт Ертаевтың тағы бір қылмыстық істің фигуранты болғаны хабарланған.