Сараптама

«Қазпошта» мен «ҚазАвтоЖол» қалай шығын батпағына батып қалды?

Естеріңізде болса, біз бұған дейін де ұлттық компаниялардың табысын теріп, қарыздарын есептеп, «Жас Алашта» жазған болатынбыз. Біраздан бері осы ұлттық компанияларды басқаратын топ-менеджерлердің жалақысы, сыйақысы, алатын тағы басқа бонустары да қоғам талқысына түсіп жүргені белгілі.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 «ҚазМұнайГаз», ҚТЖ, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, «KEGOC», «Бәйтерек», «Самұрық-Қазынаның» өзі және тағы басқа компаниялардың активтері қаншаға өсіп, қаншалықты қарызға батқаны жайлы сарапшыларымыз да пікір білдірген еді.

Енді өткен аптадан бері «Қазпошта» ұлттық операторы мен «ҚазАвтоЖолдың» шығындары сөз болып жатыр. «Жас Алаш» тілшісі сала мамандарымен пікірлесу арқылы бұл мәселені де талдап, таразылап көрді.

«Қазпоштаны» мемлекеттік субсидия неге құтқара алмады?

Биыл жарты жылда «Қазпошта» 1,1 млрд теңге шығынға ұшырапты. Сарапшылар ұлттық пошта операторы «Қазпошта» АҚ-ның қаржылық жағдайы дабыл қағарлық деңгейге жеткенін айтады. Деректерге жүгінсек, компания 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын қып-қызыл шығынмен аяқтады. 1,1 млрд теңге шығын 2025 жылдың осы кезеңіндегі 529,8 млн теңге шығынмен салыстырғанда тура екі есе көп. Осылайша, мемлекеттік алпауыттың табысы құлдырап, шығыны шарықтап барады. Компанияның жиынтық кірісі бір жыл ішінде бірнеше есеге азайған. 2026 жылдың қаңтар-маусымында жиынтық кіріс небәрі 1,3 млрд теңге болған. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 6 млрд теңге болған еді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Қазпошта» 223,3 млн теңге таза пайда тауып, жағдайын оңдағандай көрінген. Сол жылы компанияның жалпы түсімі 67,6 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде пошта қызметтерінен 41,2 млрд теңге, қаржылық қызметтер мен комиссиялардан 21,7 млрд теңге, өзге операциялық қызметтен 4,8 млрд теңге түскен.

Алайда бұл түсім де компанияның ішкі жегіқұртқа айналған шығындарын жаба алмай отыр. Өйткені қызметтің өзіндік құны 81,1 млрд теңгеге жетіп, жалпы кірістен асып түскен.

«Қазпоштаның» мүлдем құрдымға кетпеуіне және 2025 жылды сәл де болса пайдамен жабуына сыртқы қаржылық демеулер оң әсер еткен. Нақтырақ айтсақ, компания бюджетіне мынадай сомалар құйылған: бірінші, ауылдық жерлердегі пошта қызметін субсидиялауға байланысты 9,6 млрд теңге мемлекеттік субсидия берілді, бұдан соң 8,5 млрд теңге таза пайыздық табыс келді, 2 млрд теңге валюта операцияларынан түсті.

Алайда осындай орасан зор мемлекеттік қолдау мен қосымша табыстарға қарамастан, компания 2026 жылдың басында қайтадан шығын батпағына батып қалды. «Қазпоштаның» 100 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Компания тек пошта тасумен шектелмейді. Ол қаржылық қызметтер көрсетеді, банктердің агенті ретінде несие беру және өтеу операцияларын жүзеге асырады.

Сонымен қатар халықаралық деңгейде Германиядағы Kazpost және Сингапурдағы QAZPOST PTE. LTD еншілес компанияларына иелік етіп отыр.

Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ұлттық оператор ірі халықаралық инвестициялар жасауды да ұмытпаған. Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында «Қазпошта» АҚШ Қаржы министрлігінің 252,3 млн долларлық халықаралық облигацияларын сатып алған. Бұған қарап, салалық мамандар «ішкі нарықта қызметінің өзіндік құнын ақтай алмай, екі есе шығынға батқан ұлттық компанияның шетелдік бағалы қағаздарға миллиондаған доллар құюы және мемлекеттік субсидияларға тәуелді болуы оның басқару жүйесінің тиімділігіне қатысты үлкен сұрақ тудырады» дейді.

Қаржыгер Арман МУСИННІҢ сөзіне сүйенсек, мемлекеттік компаниялардың ішкі қаржылық тетіктері мен әлеуметтік міндеттемелерінің арасындағы теңгерімсіздік өте көп. Бұған қатысты сарапшы мынадай жайттарды тізбелейді: біріншіден, компания ішкі нарықтағы негізгі қызметін пошта тасу, ауылдарда қызмет көрсету тәрізді жұмыстарды шығынсыз ұйымдастыра алмай отырып, 252,3 млн долларды сыртқа бағыттауы логикаға сыймайды. Бұл қаражатты сыртқа инвестициялағанша, отандық логистикалық инфрақұрылымды жаңартуға, цифрландыруға және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға жұмсау керек еді. Мемлекеттен субсидия сұрап отырып, сыртқа миллиондаған доллар шығару басқарушылық басымдықтардың қате қойылғанын көрсетеді.

«Рас, қаржылық менеджмент тұрғысынан бұл – бос тұрған немесе уақытша еркін ақшалай қаражатты құнсызданудан қорғаудың жолы. АҚШ Қаржы министрлігінің облигациялары – әлемдегі ең сенімді, тәуекелі нөлге тең активтердің бірі. Компания теңгенің құнсыздану қаупінен қорғану және тұрақты валюталық табыс алу үшін осындай қадамға барған. Бірақ бұдан гөрі ішкі нарықтағы поштаның жұмысын жетілдіру маңызды болар еді», – дейді қаржыгер А.Мусин.

Екіншіден, сарапшының тағы бір айтатын уәжі – субсидияға тәуелділік.

«Қазпоштаның» шығынға батуының басты себебі – менеджменттің нашарлығында ғана емес, оған жүктелген орасан зор әлеуметтік міндеттемелерде. Ауылдық жерлерде пошта бөлімшелерін ұстап тұру, шалғай аудандарға газет-журналдар мен зейнетақы жеткізу – коммерциялық тұрғыдан ешқашан өзін-өзі ақтамайтын, тек шығынды бағыттар.

«Мемлекет беретін 9,6 млрд теңге субсидия – бұл компанияны жарылқау емес, мемлекеттің өз мойнындағы әлеуметтік функцияны пошта операторы арқылы орындатқаны үшін беретін өтемақысы. Сондықтан да мемлекет қанша субсидия берсе де, «Қазпоштаны» құтқара алмаған себебі – осы», – дейді маман.

Жалпы, сала мамандарының пікірінше, «Қазпоштаның» моделі парадоксалды болып тұр. Бір жағынан, ішкі нарықтағы негізгі операциялық қызметі зиян шегіп, мемлекет субсидиясына тәуелді. Екінші жағынан, миллиардтаған қаржыны халықаралық нарықтарға шығарып, инвестициялық қор ретінде жұмыс істегісі келеді.

Мамандар алдағы уақытта бұл тығырықтан шығу үшін «Қазпоштаның» құрылымын нақты бөлуді ұсынады. Ол үшін әлеуметтік бағыт толықтай мемлекет есебінен нарықтық бағамен қаржыландырылуы керек, ал коммерциялық және инвестициялық блок соның ішінде АҚШ облигацияларымен жұмыс жеке бизнес принциптерімен, қатаң есептілік пен ашықтық жағдайында басқарылуы тиіс. Әйтпесе, мемлекеттік миллиардтар «тиімсіз басқарудың» құлқынына жұтыла береді.

«ҚазАвтоЖолдың» қаржылық «фокустары»

Бұдан соң экономист-сарапшылардың назары тағы бір ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның қарыздарына ауды. Еске салсақ, бұл компания да халыққа 2025 жылы 231,6 млн теңге таза пайда тапқанын айтып, сүйіншілеген. Бұл бір қарағанда 2024 жылғы 5,3 млрд теңге шығыннан кейінгі үлкен жетістік сияқты көрінген. Алайда Қаржылық есептілік депозитарийінің ресми деректерін мұқият зерделегенде, компанияның негізгі операциялық қызметінің осал екені және мойнында триллиондаған теңге міндеттемелер мен миллиардтаған жабылмаған шығындар бары белгілі болды. Оған мына нақты сандар дәлел: компанияның кірісі қазірде 11,9 пайызға төмендеп, небәрі 13,6 млрд теңге болған. Ал сату құны (қызметтің өзіндік құны) 10,3 пайыз өсіп, 15,9 млрд теңгеге жеткен. Салдарынан компания негізгі жұмысынан 2,3 млрд теңге таза жалпы шығын шеккен. Жағдайды одан әрі ушықтырған – оператордың ішкі басқару шығындарының тиімсіздігі. Компанияның операциялық шығыны тура 2,8 есеге артып, 4 млрд теңгеге жетті.

«ҚазАвтоЖолдың» есеп беру жүйесінің сенімділігі де күмән тудырады. Компания 2024 жылғы қаржылық нәтижелерін қайта есептеп, жұртты таңғалдырған. Бұған дейін ресми жарияланған есепте компания 40,8 млрд теңге орасан зор таза пайда тапты деп көрсетілген еді. Кейіннен бұл көрсеткіш күрт өзгеріп, 5,3 млрд теңге таза шығын болып қайта тіркелді. Мұндай айырмашылықты компания «сенімгерлік басқару шарттары бойынша мәмілелерді есепке алу тәсілінің өзгеруімен» және салықтық түзетулермен түсіндірді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның активтері 27,8 пайызға өсіп, 2,43 трлн теңгеге жеткенімен, бұл мақтануға тұрарлық дүние емес. Өйткені компанияның мойнындағы міндеттемелері (қарыздары) 29,8 пайызға артып, 2,41 трлн теңгеге жетті. Яғни компанияның барлық байлығы дерлік қарыздан құралған. Сондай-ақ компанияның өткен жылдардан қордаланып қалған, әлі күнге дейін жабылмаған шығыны 13,1 млрд теңгеге жеткен.

Халықты ең қатты ашындыратын тұс – ақылы жолдардан жиналатын қаражат. Басқарма төрағасы Дархан Иманашев 2025 жылы ақылы жолдардан түскен түсімнің 87 млрд теңгеге (2024 жылғы 48 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір жоғары) жеткенін мақтанышпен мәлімдеген. Алайда қаржылық есептің түсіндірме жазбасы басқа цифрларды алға тартады: сенімгерлік басқарудағы ақылы жолдар бойынша 2025 жылғы кіріс – 85,1 млрд теңге, ал оның өндірістік шығыны – 39,7 млрд теңге.

Осылайша, халықтан миллиардтап ақы жинап, тасжолдарды ақылы қылса да, «ҚазАвтоЖол» ішкі шығындарын ретке келтіре алмай, 13,1 млрд теңгелік жабылмаған шығыны және 2,41 трлн теңге қарыз міндеттемесі бар.

Экономист-ғалым Жұмаділда БАЯХМЕТОВ қағаздағы 231 млн теңгелік шағын «пайда» жүйелі дағдарысты жасыра алмайтын уақытша бүркеме ғана екенін алға тартады.

Экономистердің уәжі қандай?

Сала мамандарының пайымдауынша, «ҚазАвтоЖолдың» 2,4 трлн теңгеден асатын орасан зор қарызы – негізінен халықаралық қаржы институттарынан, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Қытайдың «Эксимбанкінен» сыртқы инфрақұрылымдық несиелер есебінен алынған. Сарапшылар бұл қарыздардың көбі шетелдік валютада доллар, юаньмен алынғанын айтады.

«Теңгенің девальвациясы кезінде бұл қарыздар ішкі нарықта автоматты түрде екі-үш есеге ұлғайып, компанияның иығына ауыр жүк болады», – дейді Ж.Баяхметов.

Жалпы, мамандардың пікіріне сүйенсек, «ҚазАвтоЖолдың» меншікті капиталы (21,7 млрд теңге) оның триллиондық қарыздарымен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай ғана. Компания өз кірісімен бұл қарыздарды ешқашан өтей алмайды. Бұл дегеніміз – ертең бұл қарызды мемлекет, яғни қарапайым салық төлеушілер өз қалтасынан өтейді деген сөз. Мамандар бұл модельді «миллиардтаған долларды бюджеттен шығаруға мәжбүр болу» деп бағалайды.

Мамандардың ойынша, біз мысал еткен екі ұлттық операторға тәуелсіз аудит жүргізіліп, басқару жүйесін толық реформалау қажет. «Бұл компаниялардың да жұмысын бұдан бұрын да айтылып жүргендей, қоғамдық бақылауға бермесе, қағаздағы жүз млрд-таған «жасанды пайда» үлкен қаржылық дағдарысты жасыра алмайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі