Қоғам

«Қазмырыш» зауытындағы жарылыс: Тұрғындардың денсаулығына қауіп бар ма?

Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған төтенше жағдайдан кейін қаладағы экологиялық ахуал жіті бақылауға алынды.

әлеуметтік желіден

Өнеркәсіп аймағында жарылыстан кейін пайда болған күмәнді бұлт тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып, әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тарады. Тіпті кейбірі оқушыларды уақытша қашықтан оқытуға көшіру қажеттігін де көтерген.

Осыған байланысты Экология департаментінің мамандары оқиға орнына барып, жедел түрде аспаптық өлшеулер жүргізіп, ауа сынамаларын зертханалық талдаудан өткізді. Ресми мәліметке сәйкес, тексеру нәтижесінде рұқсат етілген нормалардың шамалы ғана асқаны тіркелгенімен, қауіпті ластаушы заттардың бөлінуі анықталмаған.

Ведомство өкілдері қазіргі жағдайда тұрғындардың денсаулығына қауіп жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, ауа сапасына мониторинг үздіксіз жалғасып, жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр.

Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең кәсіпорын аумағында апат болып, салдарынан екі қызметкер қаза тауып, тағы жетеуі жарақат алған еді. Жарылыс кезінде цехтың бір бөлігі опырылып, төтенше жағдай аймағында 32 адам болған.

Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі