Қоғам

ҚазҰУ-дағы «АБАЙ ІЛІМІ» пәні бойынша ашық дәріс

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінің 426 аудиториясында «АБАЙ ІЛІМІ» пәні бойынша «Абай іліміндегі «ЖЫЛЫ ЖҮРЕК» концепциясы» тақырыбында ашық дәріс өтті.

Jasalash.kz

 ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында дайындалып, оқыту үдерісіне енгізілген «Абай ілімі» пәні физика-математика факультетінде 2022-2023 оқу жылынан бастап жүргізіле бастады және жақсы нәтиже беріп келеді.

Абай ҒЗИ-дың қауымдастырылған профессоры, филол.ғыл.кандидаты Ләйла Мұсалының бұл дәрісі интерактивті форматта өтті. Дәріскер сабақтың тақырыбы бойынша презентацияны таныстырып, Абай ілімінің құрамдас бөлігінің бірі ретінде «жүрек» концепциясының маңызын, әлем ойшылдары арасында Абайдың «жүректі» бірінші орынға шығаратындығын атап айтты. Студенттер абайтанушы профессор Ж.Дәдебаевтың «Абайдың антропологизмі» монографиясында көрсетілген жүрек сипаттары мен категорияларын өздері оқып, талдады.

Дәрісте студенттер Абай ҒЗИ сайтындағы " Абайтану. Таңдамалы дәрістер" сериясы бойынша абайтанушылар дәрісінен үзінді тыңдады. Дәріскер студенттерге Абай Құнанбайұлының жүрек тақырыбындағы өлеңдерінен үзінділер беріп, арнайы әдеби талдау тапсырмасын ұсынды. Студенттердің екі топқа бөлініп, әр шумақ бойынша идеясы мен мазмұны бойынша бір-біріне сұрақтар қойып, өздері қорытынды жасады. «Жүрек -теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас» деген өлеңіндегі метафоралардың мағынасын түсіндірді. Жүрек сөзімен тіркесіп келетін сөздерді әр топ студенттері өз тарапынан толықтырды.

Сабақтың соңғы кезеңінде «Компьютерлік ғылымдар» және «Компьютерлік инженерия» мамандығы студенттері Абайдың "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат" өлеңін бөліп оқып, идеясын қысқаша түйіндеп айтты. Дәріскер, доцент Л.Ж.Мұсалы сабақты қорытындылап, студенттердің жауаптарына баға беріп, белсене қатысқандарды атап өтті. «Абай ілімі» пәні бойынша ашық дәріс болашақ ақпараттық технология мамандарының рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуы үшін пайдалы болды.

З.Абдиахметова, ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультеті деканының орынбасары,

Г.Ыбырайқызы, Абай ҒЗИ-дың аға оқытушысы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Абай