Әлеумет

«Келешек» бағдарламасы: 15 мыңнан астам баланың шотына 259,5 мың теңгеден аударылады

«Келешек» бағдарламасы аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бес жасқа толған 15 085 баланың AQYL білім беру депозитіне бастапқы білім беру капиталы аударылады.

Фото: ашық дереккөз

«Отбасы банкінің» мәліметінше, биыл қарапайым санаттағы балалар үшін мемлекеттік бастапқы капиталдың мөлшері 60 АЕК, яғни 259 500 теңге болады. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК немесе 519 мың теңге беріледі.

Осы мақсатқа AQYL білім беру депозиттеріне жалпы 3,9 миллиард теңге бағытталады. Ал 2026 жылдың екінші жартыжылдығында бес жасқа толатын балаларға қаражат 2027 жылдың ақпан айында есептеледі.

Жыл соңына дейін «Келешек» бағдарламасы бойынша бастапқы білім беру капиталын 29 099 бала алады деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 7,5 миллиард теңгені құрайды.Бағдарлама бойынша мемлекет бала бес жасқа толғаннан бастап оның болашақтағы біліміне арналған бастапқы капиталды қалыптастырады. Қаражат AQYL депозитіне түседі және баланың жоғары немесе кәсіптік білім алуына арналған жинақтың алғашқы бөлігі саналады.

Қазірдің өзінде «Отбасы банкі» арқылы мұндай мемлекеттік қолдауды 35 070 бала алған. Оларға аударылған қаражаттың жалпы көлемі 8,2 миллиард теңгеге жетті.

Бастапқы капиталды сақтау үшін ата-аналар бала кәмелетке толғанға дейін немесе оқу орнына түскенге дейін AQYL депозитін жыл сайын толықтырып отыруы қажет. 2026 жылы міндетті ең төменгі жылдық жарна 24 АЕК, яғни 103 800 теңге болып белгіленген. Әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін бұл сома 12 АЕК немесе 51 900 теңгені құрайды.

Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін депозитке жыл сайын міндетті жарна салу талабы жоқ.

Бала 18 жасқа толған кезде оның білім беру депозитіне «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жинақталған қаражатты да қосуға болады.

Бұған дейін 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 тамызға дейін Ұлттық қордан 338 252 балаға шамамен 67,8 миллион доллар төленгені хабарланған болатын.

Сайт Әкімшілігі