Сараптама

«Келісіп алмай – шешпе, өлшеп алмай – кеспе»: АҚШ пен Иран бітім мерзімін ұзартты

Ақ үй Тегеранмен арадағы уақытша бітім мерзімін ұзартқанын жариялады. Алайда Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасы мен мұнай тасымалының тоқтауы жағдайдың әлі де қыл үстінде тұрғанын көрсетеді.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Дональд Трамптың қарама-қайшы мәлімдемелері мен Иранның «Touska» кемесінің шабуылға ұшырауы дипломатиялық келіссөздерді тығырыққа тіреді. Әлемдік мұнай бағасы барреліне 100 долларға жақындап, жаһандық нарық тағы да елең-алаң күйге түсті.

Фото: x.com/GovtofPakistan

Иран келісімнен бас тарта ма?

Соңғы күндердегі оқиғалар АҚШ пен Иран арасындағы жағдайдың шын мәнінде реттелмегенін тағы көрсетті. Вашингтон 21 сәуірде Иранмен арадағы уақытша бітімді ұзартатынын мәлімдеді. Дональд Трамп бұл шешімді Пәкістанның өтінішімен, Тегеран «біртұтас ұсыныс» дайындап үлгеруі үшін қабылдағанын айтты. Бірақ осы мәлімдеменің өзінде бір маңызды қайшылық бар. Ақ үй атысты кідірткенімен, АҚШ Иран порттары мен жағалауын блокадада ұстайтынын мәлімдеді. Яғни Вашингтонның ұсынғаны толыққанды бейбіт келісім емес, әскери қысым сақталатын уақытша үзіліс қана болды. Тегеран мұны шынайы мәміле емес, қарсы тараптың өзіне тиімді үзіліс алуы деп қабылдады.

Бұл жерде ең әуелі бір нәрсені ашық айту керек – қазір сөз болып отырған жағдай «АҚШ-Иран келісімі» деген әдемі атауға толық сай келе бермейді. Өйткені Иран Трамп жариялаған бітімді ресми түрде мойындаған жоқ. Иранға жақын Tasnim агенттігі Тегеран мұндай ұзартуды сұрамағанын жазды. Парламент спикерінің кеңесшісі Мохаммад-Багер Галибаф болса, Трамптың бұл қадамын «жаңа шабуылға шығу үшін уақыт ұту амалы» деп бағалаған. Басқаша айтқанда, Вашингтон «бітім ұзартылды» десе, Тегеран «оның саяси салмағы шамалы» дейді.

Оқиғаны ушықтырған тағы бір жайт – Трамптың бір күн ішіндегі қарама-қайшы мәлімдемелері. 21 сәуірде ол CNBC-ге берген сұхбатында бітімді созғысы келмейтінін, уақыт аз екенін айтты. Тіпті мәміле тез жасалмаса, шабуылдар қайта жалғасуы мүмкін екенін, АҚШ әскері соған дайын отырғанын жеткізді. Дәл сол күні бірнеше сағаттан кейін керісінше сөйлеп, бітімді белгісіз мерзімге ұзартатынын мәлімдеді. Демек, Ақ үйдің қазіргі тактикасы екі тетікке қатар сүйеніп отыр. Бір қолымен келіссөзге шақырса, екінші қолының сұқ саусағы шүріппеде тұр. Мұндай дипломатия қарсы тарапқа сенімнен гөрі күдік ұялатады.

Иранның жауабы да осы күдіктің логикасынан туындайды. Reuters агенттігіне пікір білдірген жоғары лауазымды ирандық дереккөз Тегеран Пәкістандағы келіссөзге қатысуы мүмкін екенін, бірақ ол үшін Вашингтон қысым мен қоқан-лоқы саясатын тоқтатуы қажет екенін айтты. Бұған қоса, Тегеран АҚШ-тан теңіз блокадасын алып тастауды және АҚШ әскерилері басып алған Touska атты ирандық жүк кемесін экипажымен бірге босатуды талап етіп отыр. Яғни Иран дипломатиядан түбегейлі бас тартып отырған жоқ, тек қысым жағдайындағы дипломатиядан бас тартады. Бұл – өте маңызды айырма.

Бұл тығырықтың тамыры тереңде жатыр. АҚШ пен Иранның 11-12 сәуірде өткен алғашқы келіссөздері нәтиже бермеді. Екі жақтың келісе алмаған негізгі жайттар – Иранның уран байыту бағдарламасы, аймақтағы прокси күштер мәселесі және Ормуз бұғазының тағдыры. Кейінгі күндері осы түйткілдерге жаңа факторлар қосылды. Ол – АҚШ-тың ирандық кемені басып алуы, Иранның блокаданы күшпен бұзуға дайын екенін мәлімдеуі, ал Пәкістанның екі жақты қайтадан Исламабадтағы келіссөз үстеліне отырғызуға тырысуы. Сырттай қарағанда бәрі дипломатиялық процесс сияқты көрінеді, бірақ іс жүзінде әрбір жаңа күн қосымша сенім емес, қосымша талап туғызып жатыр.

Фото: Getty images

Ормуз бұғазы мәселесінде неге ортақ шешім жоқ?

Қақтығыстың шешілмес түйіні – Ормуз бұғазы. Шетелдік БАҚ дерегіне қарағанда, 21 сәуірде 24 сағат ішінде бұл су жолымен небәрі үш кеме ғана өткен. Соғысқа дейін мұнда күніне шамамен 140 кеме жүретін. Қазір Парсы шығанағында жүздеген кеме мен 20 мыңдай теңізші қаңтарылып тұр. Бұғаз бір сәтке ашылғандай болғанымен, артынша қайта жабылып, кемелерге оқ атылған. Reuters пен AP хабарламаларына сүйенсек, 22 сәуірде Иранның Революциялық гвардиясы Ормуздағы контейнер тасушы кемеге оқ жаудырып, кеме зақымданған, бірақ зардап шеккендер болмаған. Демек, мәселе жай ғана геосаяси мәлімдемелерде емес, жаһандық сауда жолының нақты тоқырауында болып тұр.

Ормуздың маңызы ауқымды. Себебі осы бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен газ тасымалының шамамен бестен бірі өтеді. Бұған қоса әлемдік сұйытылған табиғи газдың да 20 пайызы осы аймақ арқылы тарайды. Яғни мұнда болған кез келген үзіліс тек мұнай бағасын емес, газ, сақтандыру, тасымал, инфляция және теңіз логистикасын бір уақытта шайқалтады. Сондықтан Ормуз мәселесі АҚШ пен Иран арасындағы жалаң әскери-дипломатиялық дау емес, бүкіл әлемге тарайтын энергия қауіпсіздігі дағдарысына айналды.

Мұнай нарығы осы қауіптің бәрін бірден бағасына сіңіріп үлгерді. 20 сәуірде Reuters Brent маркалы мұнайының бағасы бір күнде 5,64 пайызға өсіп, 95,48 долларға, ал WTI 6,87 пайызға көтеріліп, 89,61 долларға жеткенін хабарлады. 22 сәуірге қарай нарық сәл саябырсығандай көрінгенімен, баға әлі де жоғары деңгейде қалды. Reuters дерегінде Brent шамамен 98,5 доллар, WTI 89,5 доллар маңында саудаланды. Әлемдік сауда нарығы қысқа мерзімде жаңа ірі шабуыл болмайды деп үміттенеді, бірақ Ормуз ұзаққа жабылса, қауіп қайта төнеді деп сақтанып отыр.

Газ нарығында да дәл осы үрей бар. Бұл жерде мәселе тек мұнайда емес. Егер бұғаз жақын арада ашылмаса, сұйытылған газ жеткізілімі, әсіресе Азия нарығында, жаңа инфляциялық қысым тудырады. Сол себепті қазіргі қақтығыс әлем экономикасы үшін тек соғыс емес, өндіріс шығыны мен тұтыну бағасына тікелей әсер ететін факторға айналып барады.

Фото: Жас Алаш

Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы: Трамп Ирандағы билікті ауыстырмай тоқтамайды

– Трамп соғысты қайтадан бастап жіберсе, соғыс ұзаққа созылуы мүмкін. Ал АҚШ заңы бойынша президент Конгресс заңынсыз екі ай ғана соғыса алады. Егер соғыс мерзімі ұзап кетсе, міндетті түрде Конгресстің рұқсаты керек. Қазіргі жағдайда Конгресс рұқсат бере ме, жоқ па, белгісіз.

1 мамырда 60 күннің уақыты бітеді. Оған дейін 10 күн мерзім бар. Алайда Ақ үй қайта соғыс бастар болса, Иранның келіссөздерден түбегейлі көңілі қалады. Сондықтан Трамп Тегеранмен келісімге келуге мүдделі. Сол үшін бітімді «екі апта» деді, кейін бір күнге созды, сосын екі күнге тағы созды, келісімге келуі керек еді, ирандықтар Исламабадқа бармай қойды. Енді тағы үш-бес күнге бітімді созғанын мәлімдеді. Меніңше, Трамп келісім жолын іздеп жатыр.

Иран АҚШ-пен келісімге келуі мүмкін. Рас, алғашқы келіссөз нәтиже бермеді. Содан соң АҚШ теңіз блокадасын жасады. Ал Иран мұны күтпеген болуы мүмкін. Өйткені блокада енгізу – теңіз жолын жабу деген сөз. Бұл Еуропаға, Қытайға, жалпы барлық елдерге әсер етеді. Қазір Иран «келісім үстеліне отырамыз, бірақ блокаданы алыңдар» деп бір ғана шарт қойды. Бұдан бөлек байытылған уранды Пәкістанға шығару ұсынысына Тегеран «қарастырамыз» деп екіұшты жауап берді. Яғни Иран бұл ұсынысқа кетәрі емес. Соған қарағанда, ирандықтар келіссөзден қашып отырған жоқ. Трамп та ұсыныстарының бәрін болмаса да, басым бөлігін қысым жасау арқылы орындатқысы келеді. АҚШ шабуылдаған кемеге қатысты 22 сәуірде Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. «Бізден шыққан кемені тоқтатуға құқықтарың жоқ. Бұл – отпен ойнау», – деді олар. Трамп бұған дейін «бұл кемеде жақсы нәрсе жоқ» деп мәлімдеген. Соған қарағанда, кемеде қару-жарақ болған сияқты. Алғашқыда АҚШ-Қытай келісімі бойынша Қытай Иранға қару жеткізбейтін болған. Ал мына кемеде қару-жарақ болуы мүмкін. Сол үшін АҚШ пен Қытай арасы ушығуы ғажап емес.

АҚШ Ирандағы байытылған уранды келісім арқылы ала алмайды. Иранның айтуы бойынша, уран жердің астында, шығару жолдарының барлығы бомбаланған. Оны шығару оңай жұмыс емес және көп уақыт алады. Сондықтан Трамптың негізгі мақсаты келісімдерге келу арқылы Ирандағы қазіргі билікті ауыстыру деп ойлаймын. Кейін билік ауысып, АҚШ-тың дегеніне көнетін адамдар келген соң уранды «бейбіт атом» деп қалдыратын шығар. Ол жаңа билік Израильдің тәуелсіздігін мойындауы мүмкін. Сондықтан АҚШ пен Израильдің негізгі мақсаты Ирандағы билікті толығымен ауыстыру сияқты.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Келісім негетұйыққа тірелді?

Бұл жердегі мәселе мынау: екі ел бір-бірінен не күтеді? Вашингтон Иран алдымен ұсыныс берсін, атысты тоқтату режимі сақталсын, бірақ қысым құралдары, нақтылай түссек порт блокадасы, әскери үстемдік, күш қолдану қаупі келісім ішінде қала берсін дейді. Ал Тегеран мұндай формуланы тең келіссөз емес, капитуляцияға итермелеу деп санайды. Сондықтан Иран үшін мәселе тек мәтіндегі тармақтарда емес, келіссөздің атмосферасында да болып отыр. АҚШ «алдымен икем таныт» десе, Иран «алдымен қысымды азайт» дейді. Осы екі ұстаным тоғыспайынша, Исламабадтағы кез келген кездесу тек «суретке түсіп, шай ішіп қайтатын» дипломатиядан әрі аспауы мүмкін.

Трамптың стилі де жағдайды ауырлатып жіберді. Ол, бір жағынан, келісімге мүдделі президент бейнесін көрсеткісі келеді, екінші жағынан, қатаң лидер рөлін сақтауға тырысады. Сондықтан оның мәлімдемесіндегі «бейбіт ұсыныс» пен «бомбалауға дайынбыз» деген екі тірек қатар жүреді. Мұндай тәсіл ішкі аудитория үшін ұтымды көрінуі мүмкін, бірақ қарсы тарапқа сенім ұялатпайды. Керісінше, Тегерандағы прокси топтардың ықпалын күшейтеді. Содан да шығар, Иран жағы Вашингтонның бітім жайлы хабарламасын үнсіз қабылдамай, блокаданы әскери агрессия деп бағалап отыр.

Мәселенің басты индикаторы Ормуз бұғазы екенін айттық. Егер кеме қозғалысы қалпына келсе, мұнай мен газ нарығы біртіндеп тұрақтала бастайды, Пәкістан арқылы келіссөзге жаңа мүмкіндік туады. Ал егер бұғаз жабық күйінде қалып, кемелерге тағы шабуыл жасалса, онда «бітім ұзартылды» деген сөздің еш мәні қалмайды. Өйткені энергетикалық артерия бітелген жерде дипломатияның құны түседі.

Пәкістанның араағайындық миссиясы әзірге нақты нәтиже берген жоқ. Исламабад АҚШ-тан бітім мерзімін созуды сұрап, дипломатиялық арнаны жабылып қалудан сақтап қалуға тырысады. Тіпті Пәкістан премьері Шахбаз Шариф Трампқа осы шешім үшін алғыс айтып, келіссөзге мүмкіндік әлі бар екенін меңзеді. Бірақ мәселе делдалдың ниетінде емес, негізгі екі тараптың ұстанымында. Жоғарыда жазғанымыздай, Вашингтон қысымды сақтағысы келеді, ал Тегеран қысым алынбайынша келісім үстеліне отырғысы келмейді. Сондықтан Исламабад қанша тырысқанымен, әзірге ол тек процесті созып тұр.

Осының бәрі АҚШ-тың қазіргі мақсаты тек бейбітшілікке қол жеткізу емес, келіссөздің шартын өзіне ыңғайлы етіп бекіту екенін аңғартады. Демек, Ақ үй үшін бұл бітім – соғысты аяқтаудың құралы ғана емес, қарсыласты әлсіретіп, келісімге икемдеудің құралы.

Бұл ахуал Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы елдерге де жанама әсер етпей қоймайды. Мұнай бағасының өсуі қысқа мерзімде экспорттаушы мемлекеттерге пайдалы көрінуі мүмкін. Бірақ Ормуздағы тұрақсыздық ұзаққа созылса, әлемдік инфляцияның үдеуі, тасымал құнының артуы, валюта нарығындағы құбылмалылық және ірі экономикалардағы сұраныстың әлсіреуі бәрібір кері салдарын тигізеді. Яғни мұндай дағдарыстан ұтатын ел болмайды.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі