Келіссөздерді жандандырудың кезекті талпынысы: Рубио Лавровпен кездесті
Ал Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткоффпен сөйлесті.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Филиппинде өткен АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы) саммиті аясында Ресей–Украина соғысын аяқтау мәселесіне арналған келіссөз өткізді.
Кездесуден кейін Рубио өткен жылдың жазында Анкориджде Дональд Трамп пен Владимир Путин арасында өткен саммиттің Украинада бейбітшілік орнатуға ықпал етпегенін мойындап, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу үшін «жаңа идеялар қажет» екенін айтты.
Оның сөзінше, бұған дейінгі келіссөздер барысында ұсынылған бастамалар «Украина үшін мүлде қабылдауға келмейтін ұсыныстар» болған және қазіргі жағдайда Киев оларды тіпті қабылдамайды.
Рубио бұл сөзбен нақты нені меңзегенін түсіндірген жоқ. Жыл басында Ресей мен Украина арасында өткен ресми келіссөздер кезінде тараптар Донбасс мәселесінде ортақ келісімге келе алмаған еді. БАҚ мәліметінше, әртүрлі ымыралы нұсқалар ұсынылғанымен, Ресей Донецк облысын толық бақылауына алуды талап еткен, ал Украина мұны үзілді-кесілді қабылдамаған.
Лавров кездесуден кейін баспасөз алдында мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялаған ресми хабарламада оның америкалық әріптесіне «майдандағы нақты жағдай туралы ақпарат бергені» және «Еуропа елдерінің тұрақсыздық туғызатын саясатына» шағым айтқаны ғана көрсетілді.
Тараптардың мәлімдемесіне қарағанда, Лавров пен Рубио арасындағы кездесуде нақты нәтижеге қол жеткізілмеген.
Лавров пен Рубио кездесуінен бірнеше сағат бұрын Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткоффпен телефон арқылы сөйлесті.
Бұл әңгіменің егжей-тегжейі жарияланған жоқ. Зеленский оны «дипломатияны жандандыру және бейбітшілікке жақындау жолындағы маңызды әңгіме» деп сипаттады.
Кейінірек ол америкалық делдалдар алдағы келіссөздердің бірнеше ықтимал нұсқасын қысқаша таныстырғанын айтып, жақын уақытта АҚШ өкілдерімен сол ұсыныстарды талқылауға үміт білдірді.
Өз кезегінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жаңалықтарға байланысты «артық оптимизмге берілмеуге» шақырып, «әзірге жаңа серпін туралы айтуға негіз жоқ» деді.
Сонымен бірге Песков Мәскеудің Кушнер және Уиткоффпен байланыста екенін, олардың жақын арада Ресейге келеді деп үміттенетінін айтты. Алайда нақты мерзімдерді атаған жоқ.
Ресей мен Украина арасындағы АҚШ делдалдығымен өткен ресми келіссөздер қаңтар-ақпан айларында жүргізілген болатын. Алайда Таяу Шығыста соғыс басталғаннан кейін бұл процесс тоқтап қалды. Себебі Кушнер мен Уиткофф Иран мәселесі бойынша келіссөздерге тартылды. Соған қарамастан, Ресей де, Украина да бейбіт келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеп келеді.
Бірнеше күн бұрын Әзербайжанға Ресейдің бұрынғы премьер-министрі әрі президенттің арнайы өкілі Виктор Зубков, Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің төрағасы Валерий Фадеев, сондай-ақ Германияның Бранденбург жерінің бұрынғы премьер-министрі Маттиас Плацек пен Германия федералдық канцлері кеңсесінің бұрынғы басшысы Рональд Пофалла барған.
БАҚ олардың Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне қатысты бейресми консультациялар өткізуі мүмкін екенін жазды. Мұны Әзербайжан президенті Илхам Әлиев те жанама түрде растаған.
Келіссөздерді қайта бастау әрекеттері Мәскеуден Владимир Путиннің әскери іс-қимылдарды жалғастыруға дайын екені туралы бейресми ақпараттар тарап жатқан тұста жасалып отыр.
Reuters агенттігінің Кремльге жақын дереккөздерінің мәліметінше, шілде айының басында Путин Донбасс мәселесінде «ымырасыз ұстанымда» қалған және майдан шебін қатырып, атысты тоқтату арқылы келісімге келуді ұсынған кеңесшілерін сынға алған.
Ал Bloomberg басылымының жазуынша, Ресей ықтимал бейбіт келісім аясында Украинаға Сумы және Днепропетровск облыстарында басып алған аумақтарды қайтаруды жоспарлап отырған жоқ.