Кендірлідегі әуежай 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы жүргізілуде.
599 гектар аумақты қамтитын нысан Қарақия ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 13 км қашықтықта салынып жатыр. Өңірдің туристік әлеуетін кешенді дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыру барысы туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.
Оның айтуынша, жобаның жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайды, оның 19,9 млрд теңгесі игерілген. Құрылыс алаңында 215 жұмысшы және 122 мамандандырылған техника тәулік бойы жұмылдырылған. Жұмыстардың 32%-ы орындалған. Бекітілген кестеге сәйкес әуежайды іске қосу осы жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
«Бірінші кезеңде Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға қабілетті 2200 метрлік ұшу-қону жолағы салынуда. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа авиабағдар ашу жоспарлануда», - деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.