Саясат

Кеше беларусь, бүгін қырғыз, ертең қай ел?!.

ТМД-ның саяси кеңістігінде таңғаларлық әрі тосын оқиғалар орын алып жатыр. 6 қазан күні қырғыздар атқа қонды.

Jasalash.kz

Бір-ақ сәтте елдегі саяси режим өзгерді. Қазір Қырғызстандағы жағдай тұрақтала бастады деп айтуға негіз бар.

Президент Сороонбай Жиэнбеков отырған Ақүйдің күл-талқаны шықты деуге болады. Жоғорғу Кенештің ғимараты да талан-таражға түсті. Онда жұмыс істеу  мүмкін емес. Ақүйге басып кірген қырғыз жастары биліктің дәлізінде ойнақ салды. Мемлекеттік билікті алты-ақ сағатта төңкерген қырғыздар «демократия аралы» атанған елді тағы да әлемге осылай танытты.

Бірер күн өткеннен кейін ғана барып, халқына тіл қатқан Президент Сороонбай Жиэнбеков өзін әлі де заңды президент санайтынын айтты.

— Мен халық сайлаған заңды президентпін. Сондықтан әлі де елдегі жағдайды тұрақтандыруға тиіспін. Қазірдің өзінде амбициясы үлкен қаржылық топтар билікті бөліске салып жатыр. Бұлай етуге болмайды. Бәрі заң аясында шешілуі тиіс. Олар халықтың қолына ақша беріп, көшеге шығарды. Сатып алды. Конституция бойынша менің құқым шектелген. Премьердің жұмысына араласа алмаймын. Алайда үш жылым елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналды. Бірақ қазіргі уақытта барлық кінәні маған аударуға тырысуда.  Белгілі бір топтар оңтүстік және солтүстік аймақ мәселесін көтеріп, халықты екіге бөлуге тырысуда. Ел қазір құрдымға кетердің алдында тұр. Сондықтан популистің пікірлерді тоқтатып, келіссөз столына отыруымыз керек, – деп мәлімдеді Сороонбай Жиэнбеков.

Алайда өзін легетимді президент санаған Сороонбайдың айтқаны бола қояр ма екен? Өйткені кеше «Достук» қонақүйінде Жоғорғу Кенеш депутаттарының жиыны өтіп, премьер-министрлікке Садыр Жапаров тағайындалды. Ал Садыр Жапаров кім? Ол – оппозицияның елдегі белді өкілі. Садыр Жапаров 2013 жылы Қаракөлдегі митингті ұйымдастырғаны және аталған аймақтың басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілге алғаны үшін 11,5 жылға сотталған. 2018 жылдан бері түрмеде  өмірін өткізіп келген Жапаровты жақтастары 6 қазан күні шығарып алды. Келе сала, ол халықтың алдында сөз сөйледі. Ал кеше түнде «Достук» қонақүйінде өткен жиында Жоғорғу Кенеш оны премьерлікке бекітті.  

Қырғыз конституциясы бойынша премьер-министердің  өкілеттілігі кең. Кеше Садыр Жапаров  елдегі барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа шығуға шақырды.

— Егер мемлекеттік органның басшысы жоқ болса, оның орнына орынбасары қызметін жалғастырады. – деді жаңа премьер-министр Садыр Жапаров.

Жиэнбековтың командасын биліктен тықсырған оппозициялық топтың ендігі әрекеті қандай болмақ? Басты мәселе де осы болып тұр.

Ақиқаты, Алмазбек Атамбаевтың да халық толқуының нәтижесінде, түрмеден шыққанын ескерсек,  Жиэнбековтың жақтастары енді биліктен амалсыз жылыстай бастайды. Нақты айтқанда, кетіреді. Тіпті бірер уақыттан кейін олардың бірсыпырасына қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Жаңа команда Жаңа жылға дейін елде парламенттік сайлау өткізеді. Онсыз болмайды. Жоғорғу Кенешке мүлде жаңа, тіпті оппозициялық топ келуі мүмкін. Одан ары күн тәртібіне президентті сайлау мәселесі шығады.

Ал легитимді президент Сороонбай Жиэнбековтің жағдайы қалай болмақ? Сотталған оппозиционерлер Атамбаев пен Жапаров оны орнына қалдыра алмайды. Кек қайтаруы да мүмкін. Өйткені екеуі де Жиэнбековтың президенттігі тұсында сотталды. Қысқасы, қырғыздың саяси мемлекеттік құрылым жүйесінде тағы жаңа дәуір басталғалы түр. Ендігі сценарий қалай өрбиді? Қырғыз басшыларының сорына айналған  президенттік лауазымның есігі  болашақта тарс жабылып, шеге қағылуы мүмкін. Барлық лауазым премьерге өтіп, ел парламенттік республикаға айналуы ғажап емес.

Әрине, соңғы бірер айда ТМД кеңістігінде орын алған беларусь бүлігі мен қырғыз төңкерісі талайларды алаңдатқаны рас. Бірақ Беларусьтегі наразылық шеруі мен қырғыз төңкерісін салыстыруға мүлдем келмейді. Беларусьты 26 жыл басқарған  Александр Лукашенко қанша қарсылық акциялары өтіп жатса да, билікті сақтап қалды. Қырғыздай емес, «Батьканың» елінде мемлекеттік құрылым, басқару аппараты мен полиция және әскери құрылымдық күштер мықты, ел президентінің уысында отыр. Бірақ екі елге тән ортақ саяси ұқсастық бар: халық бұрынғыдай тұрғысы келмейді. Ел авторитарлық жүйені қаламайды.

Бірақ Беларусь пен Қырғызстандағы жағдай біздің билікті де алаңдатып отырған сияқты. Кешелі бері негізінен, әлеуметтік желілерде арнайы тапсырыспен қырғыз бүлігін қаралаған материалдар жарияланып жатыр. Ақиқаты, Ақорданың мазасыздануы  бекер емес. Өйткені Қазақстанда да келер жылы парламенттік сайлау. Қазақ қоғамы сайлауға ескі партиялармен бара ма, жоқ әлде жаңа партиялар келе ме? Ақорда жаңа партияларды тіркеуге құлықты болып отырған жоқ. Ақиқатын айтсақ, қазақ қоғамында да наразы топтар жетерлік. Беларусь бүлігі мен қырғыз төңкерісі біздің билікті алаңдатып отыр.

Өйткені қоғамдық саяси өмірде қазір болжап білуге болмайтын оқиғалар орын алып жатыр. Сондықтан көкейдегі сұрақ – басты мәселе болып қала береді: кеше беларусь, бүгін қырғыз, ал ертең қай ел?!.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега