Өңір

Кеулімжай ҚҰТТЫ. Аялдамадағы махаббат

АЯЛДАМАДАҒЫ МАХАББАТәңгімеГүлназ таң қылаң бергеннен-ақ күндегі әдетімен ұйқысынан тұрды.

Jasalash.kz
Ерте тұруға жарықтық әкесі машықтандырған.  Балдай тәтті балалық  шағы  ауылда  өтті.  Әсем  Іленің қыздың шашындай бұрала аққан  суына  мейірі қанғанша  түсіп,  құмына алаңсыз аунап өсті. Таң атар-атпастан өріске мал   шығатын кезде  әкесі аға-інілерін   дауыстап оятқанда  Гүлназдың да  ұйқысы  шайдай ашылатын. Осылайша бара-бара ерте тұруға әбден үйреніп те қалды.   Міне, содан бері де  ширек ғасырдай уақыт өтіп  кетіпті. Сонау шақтардағы әкесінің қарлыққан дауысы құлағына жаңғырып  жеткендей күй кешкен  Гүлназ жуынып бола сала  аялдамаға  қарай бет алды. Өйткені кептеліс басталмай жатып, жұмысқа жетіп алғысы келеді. Кептелісті  ұнатпайды.  Өзінің «сүйіктісіндей»  болып кеткен  бесінші бағытта жүретін тролейбусы келе қоймады.  Бір уақытта  жас шамасы  отыз-отыз бестердегі сымбатты әдемі киінген бір жігіт Гүлназға жақындап келді де сәл ғана жымиып:– Қарындас, сізбен танысуға бола ма? – деді.Гүлназ тіл қата қоймады. Бір жағынан күлкісі де келіп тұр. Әй-шай жоқ, өзі  арсыздау әлде, озбырлау ма қалай? Басқа-басқа аялдамада танысқан біртүрлі  қызық көрінді.  Бірақ көзінің қиығымен жігітке көз салды. Орта бойлы, ат жақты маңдайы кең, қасы қалың  қараторының әдемісі екен.  Сыр алдыра қойған жоқ.  Жігіт  жас балаша қипақтап, тағы да күлімсіреді де:– Қарындас, есіміңізді айта салсаңызшы… –деп сөзінің соңын жұтып қойды.– Мені көшеде көрінген адаммен таныса бермеймін.– Танымасаңыз, танысайық деп жатырмын ғой.– Мен бірбеткей,  дөрекі адамдарды ұнатпаймын.– Мен сіз ойлағандай жан емеспін.        Осы кезде бесінші бағытта жүретін тролейбустың да төбесі көрінді.  Гүлназ  көлікке отыруға ыңғайлана бергенде әлгі жігіт:
  • Ертең, мен сізді дәл осы уақытта осы жерде күтемін,–деп қала берді.
        Гүлназ қаладағы үлкен бір компанияның бухгалтерия бөлімінде  қызмет істейді.  Өзі бала кезінен математикаға, есеп-қисапға аса жақын болып өсті.  Қаладағы айтулы  жоғары оқу орнын үздік бітіріп, аталмыш мекемеге іріктеу арқылы жұмысқа қабылданған. Содан  бері бір орында  тапжылмай   қызмет етіп келеді.  Кеше  дәу бастық  өзін қабылдайтынын ескерткен.  Қазір соған кіру үшін қабылдау бөлмесіне  кіріп келгенде бастықтың өз  кабинетінде екенін   байқады. Қаталдау болғанымен,  ұқыпты, ақкөңіл қарапайым кісі.  Гүлназ сәл тартыншақтап, бастықтың бөлмесінің есігін имене ашқаны сол еді, ар жақтан:           – О, Гүлназжан келе қой қарағым, – деген дауысты естіген соң, көзін төмен салып, үстелге келіп жайғасты.  Нұрлыбек Әуесханұлы  қысылыңқырап отырған қызметкеріне бір қарап алды да:             – Біраз жылдан бері компаниямыздың кіріс-шығысын аса ұқыптылықпен, тиянақты әрі сауатты жүргізіп келесің. Жұмыскерлер мен бюджет алдында қарыздарымыз жоқ. Есеп-қисапқа қатысты жаңа бағдарламаларды да тез меңгеріп алдың. Осыны ескеріп, өзіңді мекеменің бас есепшісі етіп бекітпекпін, – деді.         – Бірақ, Тұрсын апай бұл қызметке лайық емес пе? Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар дегендей...         – Жоқ. Гүлназ жас келсе іске деген. Қызметке кірісіңіз, Гүлназ Молдақанқызы, – деп қысқа қайырды.          Гүлназ қарсыласқан жоқ, бөлмеден  шықты.  Бастығының бір сөзді екенін жұмысқа келген күні-ақ біліп алған.  Бірақ, Тұрсын апайдың бұл орынға  дәмелі екенін  ойлағанда іштей өз-өзінен қысылды.  Дегенмен, жаңалықты  бөлімдегі  қыз-келіншектердің ешқайсына айтпай күнделікті  «бастықтың өзі ресми түрде көпшіліктің алдына хабарлайтын шығар»,– деген  оймен күнделікті жұмысын жалғастыра берді.          Бірақ,  ел құлағы елу мес пе?! Ұлы  сәскеде-ақ  өзімен қатарлас отыратын, жаңалықты бәрінен бұрын жеткізуге жаны құмар  Сәуле   әріптесі:           – Қыздар,  бүгіннен бастап  жаңа бастығымыз Гүлназ Молдақанқызы. Енді Гүлназ деуді қойыңдар. Әйтпесе, ескерту алып қалып жүрерсіңдер. Енді,  мынауский күйеуге тиіп алсаң төрт  құбылаң тең болар еді, – деп  әзіл-шыны араластырып күлді.  Жақсы хабарды естіген басқа қыздар  Гүлназды келіп құттықтады. Тұрсын апай да амалсыздан орынан тұрды...            Сәуленің айтқанында жан бар. Жасы санаулы күндерден кейін отызға  толады. Зуылдап өтіп жатқан  уақыт.  Жаңадан қызметке тұрғанда бұл жайында аса ойлана бермейтін.  Негізі оқу бітірер жылы Шымкенттің бір жігіті өзін ұнатып, сөз салған. Үйленуге де ықыласты екенін білдірген.  Алайда, әкесі сол жылы   көлік апатына ұшырап,  көз жұмды.  Содан  әлгі жігіт жоғалып кетті.   Кейін осы қызметке тұрды. Таңатқаннан күн батқанға дейін бар өмірі осы кабинетте өтіп келеді.  Алғашқы жылдары бар ынтасын салып, жұмысты  тезірек үйреніп кету үшін сенбі-жексенбі күндері аянып қалмады.           Қазақы тәрбиені бойына мықтап сіңірген  Гүлназ  артық қылыққа да барып көрген емес. Құрбыларымен  қыдырып, түнгі клубтарға барып, жігіттермен танысу  бұған жат қылық.  Отбасындағы тәрбие солай.  Осылайша жылдардың жылжып өткенін байқамай да қалды.*****          Келесі күні  әлгі жігітті  аялдамада  тағы  жолықтырды. Кеше  ізінен айқайлап осында күтетінін айтқан.  Мән бере қоймап еді. Есінен де шыға бастаған.  Шыны  керек, оны еш күткен де жоқ еді. Міне, алдынан тағы күлімсіреп шығып тұр. Сыр алдырмай, бүгін де өте шықты.                               Бүгін   бөлімге бастық  болғанын  қасындағы қыздарға «жуып» бермек.  Жұмысқа келе сала  қыздарға бұл жөнінде ескертіп, жақын маңдағы  дәмханалардың бірінде түстенетін болып келісті. Ал, компания басшысы  Нұрлыбек Әуезханұлы  қызметкерлеріне  кішігірім жиын өткізіп,  Гүлназдың бас есепші болғанын көпшілікке жариялап, бір құшақ  раушан гүлін сыйлап тұрып:           – Қызметте өскенің жақсы, бірақ жеке өміріңді де ұпытпағайсың. Әй жігіттер-ай! Осындай ару қызды көрмей ай қарап жүрсіңдер ме? Жас болсам, өзім-ақ саған үйленіп алған болар едім, – деп жиналғандарды ду күлдірді.  Гүлназдың  ұялғаннан беті қып-қызыл болып кетті де  төмен қарай берді.            Кешке таман құшағы гүлге толған Гүлназ аялдамадан түсіп пәтеріне қарай аяңдай беріп еді:           – Гүлдей қыз гүл көтеріп алған ба?,–деген дауысқа жалт бұрылып қарағанда сол өзімен танысуға құмар болып жүрген жігіттің жанарына жанары түйісіп қалды.           – Сізге не керек? Мені аңдып жүрсіз бе? Қазір полицияға хабарласамын, – деді. — Сіз  қажетсіз. Менімше полиция бұл мәселені шеше алмайды. Олар сезім мәселесіне құзіреті жүре қоймайды-ау, – деді тағы сөзін әзілге айналдырып.              – Қадалған жерден қан алмайтын сабаздың өзі екенсіз.  Менің есімім бірдеңені шешіп жатса айтайын, Гүлназбын, – деді де қадамын тез-тез басып, жүрісін жылдамдатып, пәтеріне кіріп кетті.           Жағымды жаңалықты анасына естірткенде шешесі қатты қуанды. Орнынан тұрып, құшырлана бауырына басты да:           – Қызметің өрлей түсіп, бағың ашылсын! – деп шын ниетін білдірді.     Анасы байғұс да қызының қамын ойлайды.  Отызға дейін күйеуге шықпағанына алаңдайды. «Мүмкін  ауылда тұра бергенінде ертерек бақытын табар ма еді»  Өйткені,  елдің қызы көпшіліктің алдында.   Бойжеткеннің басы бос екенін байқамаса болды, ұлына, жақынына айттырып келе қоятын еді»,–деп іштей ойлап та қояды.           Бірақ, ертеңіне,  одан кейінгі күндері  де бейтаныс жігітті аялдамадан кездестірген жоқ.  Шыны керек,  сезімге бой алдырғысы келмегенімен, іштей  оны көргісі келіп тұрғанын мойындамасқа амал жоқ. Танымаса да.   Айналаны бір шолып қойды. Әне-міне, дегенше  арада бірнеше күн  өте шықты да туған күні де келіп жетті.   Қуанышқа  орай бастығы жұмыстан ертерек кетуге рұқсат бергендіктен,  үйіне түс ауа-ақ келіп қойған.  Анасы байғұс дастарқан қамымен асханада жүр. Кешқұрым бауырлары мен қаладағы туыстары келмек. Ештеңеге зауқы жоқ  Гүлназ бөлмесіне кіріп, төсегіне құлай кетті. Жүрегі сонау күнгі бейтаныс жанды іздейтін сияқты.  Бір уақытта есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді.  Анасы  сыртқы есікті ашты та Гүлназға тез жетіп келді де:           – Гүлназжан,  саған біреу келіп тұр.  Киін де ертерек шық,– деп күлімсірей   тіл қатты.           –А нашым, мен ешкімді шақырған жоқ едім.           – Қарағым-ай, мен де танымадым. Сені сұрайды. Қонақты күттіріп қойған жарамас, – деп тағы да ескертті. Амалсыздан Гүлназ  аяғын сылбыр басып,  сыртқа  қарай аяңдады да, есікті ашқандай өз көзіне өзі сенбей бір орында тұрып қалды. Қарсы алдында күлімсіреген күйі  құшағы раушан гүлге толы аялдамада кездескен бейтаныс жігіт тұрды…    Фото: zhenskayaplaneta.ru
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега