Саясат

Кеурек қазған келімсектер

Соңғы уақытта Қазақстанға шетелден ағылған келімсектер туралы ақпараттар көптеп жарияланып жатыр.

Jasalash.kz

Украинада соғыс басталғалы Қазақстанға көрші елден көшіп келгендердің саны күрт артқанға ұқсайды. Ауғаныстан мен соғыс өрті шалған Таяу шығыстан келген шетелдіктер туралы да әңгіме көп. Қарап отырсаңыз,келімсек қаптаған Қазақстанда өмір сүріп жатқандаймыз.

Сәуір айында әлеуметтік желіде Түркістан облысы Отырар ауданында айдалада кеурек деп аталатын шөпті қазып жүрген шетел азаматтары туралы жазбалар, видеолар жарияланған болатын-ды. Кеурек — шипалық қасиеті бар дәрілік шөп. Шетелдіктердің оны не істейтіндігі, әзірге, беймәлім. Бірақ осы кәсіптің арғы жағында жергілікті пысықайлар тұрғанға ұқсайды. 

Осыдан кейін іске әкімдік пен тәртіп сақшылары кірісті. Олар Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағындағы жайылымдық алқапта шетел азаматтарының айдаладан өздеріне арнап шатыр тұрғызып, кеурек қазуға дайындалып жатқанын анықтайды. Шетелдіктер құжаттарын тексеру үшін Отырар аудандық полиция бөліміне жөнелтіледі. Ал оларды алып келген әлдебір жергілікті серіктестіктің басшысына заң талаптары түсіндірілді. Дәл осындай шараларды Арыс қалалық әкімдігінен құрылған арнайы топ та жүргізді. Олар Тәжікстан азаматтарын далада шатыр тігіп, қазан ошақтарын әзірлеп, дәрілік шөпті теруге қызу кіріскелі жатқан жерінен табады. Осыдан кейін әкімдік дәрілік өсімдіктерді қорғауды қатаң бақылауға алу жұмыстарына кірісті.

Ал, облыстық Полиция департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, полицейлер кеурек дәрілік шөбін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген көптеген шетелдікті анықтады.

— Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында бірқатар іс-шараларды жүргізді. Осы шаралардың барысында Арыс ауданының тәртіп сақшылары далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік «кеурек» (ферула) шөбінің сөлін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 23 Өзбекстан азаматын анықтады. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» дерегі бойынша жауапқа тартылып, ел аумағынан аластатылды. Ал жұмыс беруші Қазақстан азаматының үстінен аталған кодекстің 519-бабы «Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды, — делінген полиция таратқан мәліметте.

Тәртіп сақшылары қазір орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге арналған профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Б. Ерназар
Тегтер: Без Тега