Әлеумет

Киев маңындағы Ресей соққысынан кейін жарылыс болды: 37 адам қаза тапты

Украинадағы Киев облысының Буча ауданында Ресей шабуылынан кейін оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, бірнеше жарылыс болды.

Фото: Alina Smutko/REUTERS

Салдарынан кемінде 37 адам қаза тауып, тағы 42 адам жарақат алды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Шабуыл 28 тамыз күні кешке жасалған. Зеленскийдің айтуынша, жарылыстардан қойма маңындағы инфрақұрылымға айтарлықтай зақым келген.

«Тұрғын үйлер, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған пансионат бүлінді», – деді Украина президенті.

Оның мәліметінше, қауіпті аумақтан 370-тен астам адам эвакуацияланған. Эвакуация жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко жарылыстар салдарынан оқиға орнына жақын орналасқан 50-ге жуық ғимаратқа зақым келгенін хабарлады.

Украинада қылмыстық іс қозғалды

Украина Бас прокуратурасы оқиғаға байланысты қызметтік салғырттық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Тергеу Ресей шабуылының мән-жайымен қатар, оның салдарын ауырлатуы мүмкін жағдайларды да анықтамақ. Атап айтқанда, кәсіпорын аумағында жарылғыш заттар мен материалдарды орналастыру және сақтау талаптарының сақталған-сақталмағаны тексеріледі.

«Талап бар: оқ-дәрілер тұрғын үйлер мен басқа да тұрғын нысандардың жанында сақталмауы керек. Тиісті қорытынды жасалады», – деді Зеленский.

Ресей Қорғаныс министрлігі не дейді?

Ресей Қорғаныс министрлігі соққы Киев облысындағы Милая елді мекенінде орналасқан оқ-дәрі қоймасына жасалғанын мәлімдеді.

Ресей тарапының мәліметінше, қоймада FP-1 және FP-2 алыс қашықтыққа ұшатын дрондарына арналған бөлшектер мен ұшыру үдеткіштері сақталған.

Украина премьер-министрі Сергей Корецкий оқиғаны «қылмыстық салғырттық» деп бағалады. Ол мұны 6 шілдеде Вишневое қаласында болған жағдаймен салыстырды. Ол кезде де тұрғын үйлерге жақын орналасқан оқ-дәрі қоймасына шабуыл жасалған.

Корецкий мұндай жағдайлардың қайталануына жол берген кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Киев Украина