Әлеумет

Киевке жасалған шабуылда кемінде жеті адам көз жұмды

6 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украина астанасы Киевке баллистикалық және қанатты зымырандармен, сондай-ақ соққы беруші дрондармен жаппай шабуыл жасады.

Фото: Thomas Peter/REUTERS

Украина билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, 24-тен астам тұрғын жараланған.

Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің хабарлауынша, шабуыл кезінде бір мезетте баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ камикадзе-дрондар қолданылған.

Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконің айтуынша, шабуылдан кемінде жеті адам қаза тапқан. Ал Киев мэрі Виталий Кличко жараланғандар саны 24 адамға жеткенін, олардың 14-і ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді. Зардап шеккендердің арасында екі бала бар.

Шабуылдан кейін Киевтің бірнеше ауданында өрт шығып, тұрғын үйлерге айтарлықтай зақым келген.

Атап айтқанда, Подольск ауданында көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі қираған. Алғашында ғимараттың 7–9-қабаттары арасында адамдар қамалып қалғаны хабарланған. Кейін құтқарушылар өртенген үйден 15 адамды эвакуациялады. Жоғарғы қабаттардан үш әйел мен алты бала қауіпсіз жерге шығарылған.

Сонымен қатар Подольск ауданында зымыран мен дрон сынықтары тағы бір тұрғын үй мен гараждар аумағына құлаған.

Дарницкий ауданында үш жерде тұрғын үйлер бүлінсе, Голосеевский ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққан.

Шабуыл Киев облысына да әсер етті. Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Николай Калашникнің мәліметінше, Буча ауданында бір адам қаза тауып, тағы 10 адам жараланған. Олардың алтауы ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ Буча, Вышгород және Бровары аудандарында жеке үйлер, кәсіпорындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандары зақымданған. Оқиға орындарында құтқарушылар мен жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр.

6 шілдеге қараған түні Одесса қаласы да шабуылға ұшырады. Облыстық әскери әкімшіліктің мәліметінше, 23 жастағы жігіт жарақат алған. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үйлерге зақым келген.

Украина президенті Зеленський шабуылдан бір күн бұрын барлау деректеріне сүйене отырып, Ресейдің жақын күндері Украинаға жаппай зымыран және дронмен шабуыл жасауы мүмкін екенін ескерткен болатын. Оның айтуынша, мұндай шабуыл АҚШ-тың Тәуелсіздік күнінен кейін және 7–8 шілде күндері Анкара қаласында өтетін НАТО саммиті қарсаңында ұйымдастырылған. Зеленский халықаралық серіктестерді Украинаның әуе қорғанысына арналған зымырандарды жеткізуді жеделдетуге шақырды.

Сайт Әкімшілігі