Киевте ер адам көшеде оқ жаудырып, адамдарды кепілге алды: 6 адам қаза тауып, 15 адам жараланды
Сенбі күні Киевтің Голосеев ауданындағы көшелердің бірінде ер адам өтіп бара жатқан адамдарға оқ атып, кейін супермаркетті басып алып, ішіндегі адамдарды кепілге алған.
Соңғы мәлімет бойынша, 6 адам қаза тауып, шамамен 15 адам жараланған. Төрт адам құтқарылды. Бұл туралы Украина астанасының мэрі Виталий Кличко хабарлады.
Оқиға куәгерлері шабуылды видеоға түсіріп алған: әлеуметтік желіде тараған кадрларда ер адамның көпқабатты үйлердің аулалары арқылы автоматпен жүгіріп өтіп, кездейсоқ адамдарға оқ жаудырғаны көрінеді. Қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз.
Украинаның бас прокуроры Руслан Кравченконың айтуынша, оқ атқан адам — Мәскеуде туған 58 жастағы ер адам. Оның атына Украина ІІМ-де қару ресми түрде тіркелген.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ол автоматты қару қолданған, — деді бас прокурор. — Сонымен қатар шабуылдаушы тіркелген пәтерде өрт шыққан».
Оқ жарақатын алғандардың арасында төрт жасар бала да бар. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізген. Зардап шеккендерге де медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Зардап шеккендердің арасында шабуылшы басып кірген супермаркеттің күзетшісі де болған.
Киев мэрінің мәліметінше, жараланған 30 жастағы әйел ауруханада көз жұмған. Оның жеке басы әлі анықталып жатыр. Ол шабуыл құрбандарының алтыншысы болды.
Киев полициясы: «Ұлттық полицияның жедел әрекет ету арнайы бөлімшелері қаскөй жасырынған дүкенге шабуыл жасап кірді. Ол адамдарды кепілге алып, ұстау кезінде полицейлерге оқ атты. Бұған дейін онымен келіссөз жүргізушілер байланыс орнатуға тырысқан», — деп хабарлады.
Ақырында шабуылдаушының көзі жойылды. Соңғы сәтке дейін ол күштік құрылымдарға оқ атып, сонымен бірге гранатаны іске қосуы да мүмкін екені айтылады.
«Украинская правда» басылымының мәліметінше, шабуыл жасаған адам — Мәскеуде туған 58 жастағы Дмитрий Васильченков. Ол — Украина азаматы. Бұрын Донецк облысындағы Бахмутта, кейін Киевтің Голосеев ауданында тұрған.
ASTRA басылымы ашық дереккөздер арқылы Дмитрий Васильченков жөніндегі мәліметтерді тексерген. Бахмуттан бөлек, оның Рязаньда тұрғаны, 2023 жылы Ресейдегі «Альфа-банкте», ал 2022 жылы «Сбербанкте» есепшоты болғаны анықталған. Сондай-ақ 2016 жылы ол Ресей мен Украина шекарасын үш рет кесіп өткен: бір рет автокөлікпен, екі рет пойызбен. Бұдан бөлек, 2023 жылғы жағдай бойынша ол Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің базасында тіркелген.
Расталмаған деректерге қарағанда, шабуыл жасаған адам бұрын Ресей армиясында подполковник шенінде қызмет етуі мүмкін. Интернетте оның Украинаға қарсы соғысты қолдайтын жазбалары бар аккаунттары табылғаны айтылады.
Тағы бір мәлімет бойынша, күдікті — Украинадағы әскери зейнеткер. 2016–2019 жылдары ол Facebook желісінде «Бахмут В.Д.В» деген атпен парақша жүргізіп, жүйелі түрде антиукраиндық және антисемиттік жазбалар жариялаған. Ол қоғамды күшпен «тазартуға» үндеп, Гитлердің әдістерін ақтаған, Украинаның заңдылығын жоққа шығарып, оны «солай аталатын мемлекет» деп атаған, сондай-ақ 2014 жылы ресейлік диверсанттар Бахмутты жойып үлгермегеніне өкініш білдірген.
Украина Қауіпсіздік қызметі Киевтегі көшедегі атыс пен супермаркеттегі кепілге алу ісін теракт ретінде саралап жатқанын хабарлады.