Қоғам

Қылмыс азайып, цифрландыру күшейеді: ІІМ жартыжылдық жұмысының қорытындысын шығарды

Қазақстан Ішкі істер министрлігінде 2026 жылдың алғашқы жартысындағы жұмыс қорытындыланып, құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған алдағы міндеттер айқындалды.

Фото: ашық дереккөз

Кеңейтілген алқа отырысында қоғамдық қауіпсіздік, цифрландыру, интернет-алаяқтықпен күрес және ұйымдасқан қылмыстың жолын кесу мәселелері талқыланды.Жиында сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ержан Саденов құқық қорғау органдарының басты міндеті – елде заң үстемдігін қамтамасыз ету екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституцияда бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидаты полиция жұмысының негізгі бағытына айналуы тиіс. Бұл қылмыстың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы жүзеге асады.

Министрліктің мәліметінше, биылғы алты айда республикадағы қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың негізгі санаттары бойынша да оң өзгерістер тіркелген. Ұрлық 16,4 пайызға, мал ұрлығы 15,8 пайызға азайған. Бұрын сотталған адамдардың, кәмелетке толмағандардың және қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны да кеміген.Отырыста цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Министр жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, ұшқышсыз аппараттарды қолдану және патрульдік полицияны смартжетондармен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес те негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Жыл басынан бері, оның ішінде халықаралық сипаттағы 38 қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы жұмыстардың нәтижесінде мұндай қылмыстардың саны жеті пайызға азайды. Алты ай ішінде жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылып, тағы 2,6 миллиард теңгенің заңсыз шығарылуына тосқауыл қойылды. Сонымен қатар 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған.Есірткі қылмысына қарсы бағыттағы жұмыстар барысында 1 880-нен астам құқық бұзушылық анықталды. Бір трансұлттық топты қоса есептегенде алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, ондаған күдікті ұсталды. Құқық қорғау органдары заңсыз айналымға жарты тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне жол бермеген.

Жол қауіпсіздігі саласында да оң көрсеткіштер байқалған. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғалары төрт пайызға қысқарып, апат салдарынан қаза тапқандар саны 20 пайызға төмендеген. Министр бұл бағыттағы профилактикалық шараларды одан әрі күшейтіп, цифрлық бақылау жүйелерін тиімді пайдалануды тапсырды.

Алқа отырысын қорытындылаған Ержан Саденов құқық қорғау органдары қоғам сенімін ақтау үшін заманауи технологияларды тиімді пайдаланып қана қоймай, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмысты үздіксіз жетілдіре беруі қажет екенін айтты.

Т. РАУШАНҰЛЫ