Оқиғалар

Қымбат ота, тегін көмек: МӘМС халыққа не берді?

Қоғамның әлеуметтік дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық жобалармен өлшенбейді. Елдің шынайы өркениеттік деңгейі, ең алдымен, адамның өміріне, денсаулығына, тағдырына деген көзқарас арқылы айқындалады.

Jasalash.kz

 Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік саясаттың мазмұны тереңдеп, мемлекет азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі реформаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер айрықша назар аудартады.

Медицина – қоғамның әлеуметтік иммунитетін қалыптастыратын маңызды тетік. Адам денсаулығына салынған инвестиция болашақ ұлттың сапасына, еңбек өнімділігіне, демографиялық тұрақтылыққа және әлеуметтік сенім деңгейіне тікелей ықпал етеді. Әсіресе жоғары технологиялық медицинаның дамуы қазіргі заманғы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің басты көрсеткіштерінің біріне айналып отыр. Бұрын тек ірі мегаполистерде немесе шетел клиникаларында жасалатын күрделі операциялардың бүгінде өңірлерде қолжетімді бола бастауы медициналық жүйенің жаңа кезеңге өткенін аңғартса керек. Бұл өзгерістердің нақты көрінісін Түркістан облысындағы көрсеткіштерден де анық байқауға болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалы ұсынған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің 98 жағдайы бойынша жалпы көлемі 469 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бұл бір қарағанда жай статистикалық дерек секілді көрінгенімен, оның артында ондаған адамның өмірі, тағдыры, денсаулығы және қайта қалыпты өмірге оралу үміті тұр. Қазіргі медицинада жоғары технологиялық операциялардың рөлі жыл сайын артып келеді. Кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, урология, травматология және жалпы хирургия бағыттарындағы күрделі оталар бұрын көпшілік үшін қолжетпес әрі аса қымбат медициналық қызмет саналып келсе, бүгінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында азаматтарға тегін көрсетіліп жатыр. Бұл әлеуметтік мемлекеттің нақты іс жүзіндегі көрінісі деуге толық негіз бар.

Қазіргі таңда бір ғана жоғары технологиялық операцияның орташа құны 4,7 млн теңгені құрайды. Мұндай соманы көптеген отбасының өз күшімен көтеруі қиын екені белгілі. Әсіресе ауыр диагноз қойылған сәтте адамдар тек психологиялық күйзеліспен ғана емес, қаржылық тығырықпен де бетпе-бет келеді. Сондықтан МӘМС жүйесінің негізгі әлеуметтік маңызы да осында жатыр. Ол азаматтарды күтпеген медициналық шығындардың ауыртпалығынан қорғап, қымбат емдеу түрлеріне тең мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әділеттілік деген ұғым дәл осындай кезде айқын сезіледі. Өйткені адамның өмірі оның әлеуметтік жағдайына немесе қаржылық мүмкіндігіне тәуелді болмауы тиіс. Түркістан облыстық филиалының директоры Бақыт Торғайбайұлының айтуынша, өңірде жоғары технологиялық операциялардың қолжетімділігі артып қана қоймай, медициналық көмектің сапасы да едәуір жақсарған.

«Бүгінде облыста жүрек пен қан тамырларына, жүйке жүйесіне қатысты күрделі ауруларды емдеуге, есту және көру қабілетін қалпына келтіруге, сондай-ақ нәрестелердің туа біткен ақауларын түзетуге мүмкіндік беретін заманауи операциялар жасалады. Бұл өңірлік медицинаның жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұрын мұндай қызметтер үшін науқастар Алматы мен Астанаға немесе шетел клиникаларына баруға мәжбүр болатын. Қазір жоғары технологиялық көмектің аймақтарда дамуы уақыт жоғалтпай ем қабылдауға, медициналық көмектің жеделдігін арттыруға және халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға ықпал етіп отыр», – дейді маман.

2026 жылдың алғашқы төрт айындағы нақты көрсеткіштердің өзі бұл саланың қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Осы кезеңде 21 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 92,6 млн теңге төленген. Ал нейрохирургия бағытында 32 күрделі ота орындалып, олардың жалпы құны 198,9 млн теңгеге жеткен. Сонымен қатар бес бүйрек трансплантациясына 1,5 млн теңге, бір бауыр трансплантациясына 8,9 млн теңге бағытталған. Мұндай операциялар тек жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды, технологиялық мүмкіндіктерді және күрделі ұйымдастыру жүйесін қажет етеді. Сондықтан бұл көрсеткіштерді тек қаржылық есеп ретінде емес, медициналық инфрақұрылымның даму деңгейін көрсететін маңызды индикатор ретінде бағалаған жөн. Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы қоғамдағы әлеуметтік сенімге де тікелей әсер етері анық. Азамат мемлекет тарапынан өз өмірі мен денсаулығының қорғалатынын сезінген кезде қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік оптимизм де күшейе түседі. Себебі денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім – кез келген елдегі әлеуметтік көңіл күйдің маңызды факторларының бірі. Адамдар ауруға шалдыққан сәтте жалғыз қалмайтынын, мемлекет тарапынан қолдау бар екенін түсінсе, бұл әлеуметтік психологияға да оң ықпал етеді. Әсіресе ауыр диагноздар кезінде қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің болуы көптеген отбасының үмітін сақтап қалады.

МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық қызметтер күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында жүргізіледі. Бұл пациенттердің заманауи емдеу әдістерін уақытылы қабылдауына мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар тек өмірді сақтап қалумен шектелмейді, сонымен бірге адамның кейінгі өмір сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Қазіргі медицинада адамның ғұмырын ұзарту ғана емес, оның толыққанды өмір сүру мүмкіндігін сақтау басты мақсаттардың біріне айналған. Осы тұрғыдан алғанда жоғары технологиялық медицинаның әлеуметтік маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Айта кету керек, 2025 жылы Түркістан облысында МӘМС жүйесі арқылы жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына бөлінетін қолдаудың жыл сайын күшейіп келе жатқанын байқатады. Сонымен бірге бұл әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін дәлелдейтін нақты нәтижелердің бірі саналады. Өйткені бірнеше миллион теңге тұратын операцияларды қарапайым азаматтардың өз бетінше төлеуі көп жағдайда мүмкін емес. Ал сақтандыру жүйесі осы ауыртпалықты жеңілдетіп, азаматтардың өміріне араша түсетін маңызды әлеуметтік кепілдік қызметін атқарып отыр.

Бүгінде әлем елдері денсаулық сақтау жүйесін ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың стратегиялық бөлігі ретінде қарастырады. Қазақстандағы МӘМС жүйесінің дамуы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Түркістан облысындағы көрсеткіштер өңірлік медицинаның жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсеткендей. Бұл өзгерістердің түпкі мәні – адамдардың өмірін сақтау, денсаулығын жақсарту және сапалы медициналық көмекке тең мүмкіндік беру. Қоғамның дамуы туралы айтқанда дәл осындай нақты әлеуметтік нәтижелер ғана елдің шынайы өркендеу деңгейін айқындай алады.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: МӘМС