Саясат

Қырғызстанда билікті басып алу әрекеті туралы іс бойынша Ташиевтің үстінен сот басталды

Бишкектің Бірінші май аудандық сотында Қырғызстан МҰҚК-нің (ГКНБ) бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиевке қатысты алдын ала тыңдау басталды. Ол билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған

Фото: ашық дереккөз

Kaktus.media басылымының атап өтуінше, сот қызметкерлері мен сот орындаушылары бұл істің құпияландырылғанын мәлімдеген. Соған байланысты отырыс залына апаратын дәлізге де ешкімді кіргізбей жатыр.

Камчыбек Ташиевтің ісі

Бұған дейін адвокат Икрамидин Айткулов Камчыбек Ташиевке Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру, сол сияқты конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер» және «Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылғанын хабарлаған болатын.

Әңгіме осы баптың 2-ші және 4-ші бөлімдері туралы болып отыр: өзіне немесе басқа тұлғаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында немесе өзге де жеке мүдделіліктен жасалған, сондай-ақ жауапты лауазымды атқаратын лауазымды тұлға тарапынан жасалған іс-әрекет.

Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Курманкул Зулушев пен парламенттің бұрынғы спикері Нурланбек Тургунбек уулуна қатысты жағдай әлі түсініксіз. Олар да бұл іске тартылған.

Еске сала кетсек, ақпан айында 75 адам Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Жогорку Кенеш төрағасына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді талап етіп, үндеу жолдағаны белгілі болған.

10 ақпанда Жапаров өзінің досы әрі үзеңгілесі Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатты. Қырғызстан басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, «бұл қадамның басты мақсаты — мемлекет бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында іріткі туудың алдын алу» болған. Жапаровтың баспасөз хатшысы хабарлағандай, Ташиевтің жақын айналасындағы адамдар депутаттарға телефон соғып, оларды «генералдың жағына шығуға» және «жаңа президент сайлауын бастауға» көндірмек болған көрінеді.

Бұрынғы досы әрі үзеңгілесімен арадағы түсініспеушілік туралы айта келе, Жапаровтың өзі бұл мәселені трагедияға айналдырмауға шақырды.

Ташиевтің отставкасынан кейін күштік құрылымдарда қайта құру жұмыстары жүргізілді: оның орынбасарлары қызметінен айырылды, Шекара қызметі МҰҚК (ГКНБ) құрамынан шығарылды, сондай-ақ тікелей президентке бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

«Дос болып қаламыз, бірақ ол мемлекеттік қызметке қайта оралмайды» - Садыр Жапаров Ташиев туралы.

Кейінірек қылмыстық іс қозғалды. «75-тің хатына» қол қойғандардың бір бөлігі Тергеу изоляторына (СИЗО) қамалды. Оларға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.

Сайт Әкімшілігі