Әлеумет

Қырғызстанда күштік құрылымдар арасында текетірес күшейді

Қырғызстан ҰҚК мен Қырғызстан ІІМ қызметкерлері бір-біріне қарсы жаппай тінту мен ұстау шараларын жүргізе бастады.

Фото: ашық дереккөз

Барлығы 20 сәуірде ІІМ жүргізген рейдтен басталған. Оның барысында ҰҚК басқармасы басшысының орынбасары ұсталған. Ұстаудың нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.

Келесі күні ҰҚК-нің 5-7 жедел қызметкері ІІМ-нің орталық аппаратына кіріп, Қоғамдық қауіпсіздік қызметінің кабинеттерінде тінту жүргізген. Ресми себеп ретінде 2020 жылғы қару-жараққа берілген рұқсаттар тексерілгені айтылғанымен, дереккөздер мұны ІІМ операциясына жауап деп бағалап отыр. Сонымен қатар ҰҚК ІІМ-нің есірткі айналымына қарсы күрес қызметінің бөлім басшысы мен жедел қызметкерін ұстады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, олар бопсалау схемасын ұйымдастырған. Атап айтқанда, Ресей азаматына қатысты сот үкімін жеңілдету үшін 9 млн рубль (шамамен 100 мың доллар) талап еткен. Қаражат Ресейден «Сбербанк» карталары арқылы бөліп аударылып, кейін Қырғызстанда үшінші тұлғалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі