Сараптама

 Қырғызстанда облыстар мен аудандар жойылып, олардың орнына округтер құрылады

Қырғызстанда әкімшілік-аумақтық реформа аясында облыстар мен аудандар жойылып, олардың орнына 20 округ құру жоспарланып отыр. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров мәлімдеді.

Фото: nazarnews.org

Оның айтуынша, қазіргі таңда республикада 44 аудан және 33 қала бар.

— Облыстар мен аудандар жойылады, олардың орнына 20 округ қалады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл 20 облыс сияқты болады. Бірақ бұл өзгерістерге әлі 3–4 жыл бар, — деді ол Ноокат ауданы тұрғындарымен кездесу барысында.

Президенттің сөзінше, алдымен басқару жүйесінің тиімділігін тексеру үшін 2–3 жылдық пилоттық жоба ретінде бір округ құрылады. Негізгі мақсат — оның республикалық дотациядан шыға алу мүмкіндігін анықтау. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ел толықтай округтерге бөлінеді.

Садыр Жапаров сондай-ақ әкімшілік-аумақтық реформаның алғашқы кезеңі сәтті өткенін атап өтті.

Реформалар нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде ауылдық аймақтар саны 452-ден 231-ге дейін қысқарған.

Сайт Әкімшілігі