Саясат

Қырғызстандағы сайлау: Садыр Жапаровқа жақын кандидаттар округтердің басым бөлігінде жеңіске жетті

Қырғызстанда парламентке мерзімінен бұрын сайлау өтті. Алдын ала нәтижелерге қарағанда, президент Садыр Жапаровқа жақын кандидаттар басымдықпен жеңіске жетті.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Reuters агенттігі және жергілікті БАҚ хабарлады.

30 қарашада өткен Жогорку Кеңеш сайлауының алғашқы деректері бойынша, Жапаровтың жақтастары жеңіске жеткен. 90 мандаттың шамамен 50-і бұрынғы шақырылым депутаттарына тиесілі болуы мүмкін (24.kg дерегі).

Көптеген кандидаттар дербес ретінде ұсынылған. Жергілікті медиада жарияланған алдын ала тізімдерде кандидаттардың тек аты-жөні көрсетілген.

Неліктен парламент өзін таратты?

Жогорку Кеңеш 25 қыркүйекте өзін тарату туралы шешім қабылдаған. Себептері:

  • жоспар бойынша парламент сайлауы 2026 жылдың қарашасында, президенттік сайлаудан екі ай бұрын өтуі тиіс еді;

  • екі маңызды саяси процестің қысқа уақытта қатар өтуі тұрақсыздық қаупін күшейтеді деген уәж айтылған.

Сайлау жүйесіндегі өзгерістер

2025 жылдың маусымында президент бекіткен өзгерістер бойынша, бұрын 90 депутаттың 36-сы  бірмандатты округтардан, 54-і партиялық тізіммен сайланатын, жаңа жүйе бойынша ел 30 округке бөлінген, әр округтан 3 депутат сайланады, олардың ішінде кемінде біреуі  әйел болуға тиіс.

Билік партиялық жүйеден бас тартуды:

  • саяси жемқорлықпен күресу,

  • сайлау жүйесіндегі кемшіліктерді жою,

  • қоғамның депутаттарға деген сенімін арттыру

деген уәжбен түсіндірген.

Сайлауға бір апта қалғанда Қырғызстанның құқық қорғау органдары оппозиция өкілдерін ұстады. Олардың қатарында – «Социал-демократтар» партиясының мүшелері Темирлан Султанбеков пен Эрмек Эрматов, экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев және тағы бірнеше белсенді бар.

Қырғызстан ІІМ мәлімдемесі бойынша, бұл тұлғалар «сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін елде митингтер ұйымдастырып, қоғамдық толқулар туғызуды жоспарлаған».

Сайт Әкімшілігі