Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтің жұбайын тергеуге шақырды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтің жұбайы Раиса Атамбаева Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасына шақырылды. Бұл туралы оның қызы Алия Шагиева хабарлаған.
Шагиеваның айтуынша, Раиса Атамбаева тергеуге адвокаты Сергей Слесаревпен бірге барған.
«Тергеудің нақты себебін білмейміз», – деді Алия Шагиева.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бұл шақырту 2025 жылдың қарашасында басталған қылмыстық істермен байланысты болуы мүмкін. Ол кезде Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздікке шақыру фактілері бойынша тергеу басталып, бірқатар саясаткерлер мен бұрынғы шенеуніктерге қатысты жедел шаралар жүргізілген еді.
Аталған іс аясында бірнеше тұлға тергеуге шақырылып, кейбірінің үйлерінде тінту жүргізілген. Олардың қатарында саясаткер Темирлан Султанбеков, экс-депутаттар және қоғам белсенділері бар. Бұған қоса, бұрынғы бірінші ханым Раиса Атамбаеваның үйінде де тінту болғаны хабарланған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеудің нақты мән-жайын ресми түрде жариялаған жоқ.