Өңір

Қытай инвестициясы Сыр өңіріне серпін бере ме?

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, өндірісті әртараптандыру басты міндет болып отыр. Осы бағытта Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Фото: ашық дереккөз

Кейінгі жылдары Сыр өңірі дәстүрлі мұнай-газ секторына тәуелділікті азайтып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика және өңдеу салаларын дамытуға басымдық беріп келеді. Осы мақсатта шетелдік инвесторлармен байланыс күшейіп, халықаралық серіктестік жаңа мазмұнға ие бола бастады. Мысал ретінде облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарын айтуға болады.

Биыл 27-29 сәуірде өткен іссапар барысында Қызылорда облысының өкілдері Бейжің, Далянь және Чанчунь қалаларында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, өңір экономикасына серпін беретін стратегиялық жобаларды талқылады. Бұл сапар президенттің инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясындағы нақты жұмыстардың жалғасы ретінде бағаланып отыр.

Қызылорда үшін су мәселесі күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырып саналады. Сырдария суының азаюы, климат өзгерісі және егістік көлемінің ұлғаюы су ресурстарын тиімді басқаруды талап етеді. Сондықтан Қытаймен агроөнеркәсіп және су ресурстары саласындағы әріптестік ерекше маңызға ие.

Далянь қаласында қала әкімінің орынбасары Чжао Дунмен өткен кездесуде ауыл шаруашылығы, ирригациялық инфрақұрылымды жаңарту және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе «Юлин» компаниясымен Қызылорда облысында заманауи суару технологияларын енгізу жөніндегі келіссөз назар аудартады.

Бұл бастама өңірдегі су тапшылығы мәселесін жеңілдетіп, аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға жол ашпақ. Тамшылатып және үнемді суару технологиясын енгізу арқылы егін шаруашылығы дамып, су шығыны азаяды. Қытай тарапы бұл жобаның өңір үшін әлеуеті жоғары екенін айтып отыр. Президент тапсырмасында ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мен суды үнемдеу технологиясын енгізу маңызды бағыт ретінде көрсетілгені белгілі. Сондықтан бұл жобаны сол міндетті жүзеге асыруға бағытталған қадам деп бағалау қажет.

Қызылорда облысында өндіріс орындарын көбейту экономиканы әртараптандырудың негізгі тетігі саналады. Осы тұрғыда Чанчунь қаласында Цзилинь провинциясының басшысымен өткен кездесулердің маңызы ерекше. Кездесуде машина жасау және теміржол индустриясы бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, «Марал-Нұр» ЖШС негізінде вагон жасау зауытын іске қосу жоспары қаралды. Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылмақ.

Мұндай өндіріс орнының өңір үшін маңызы зор. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, жоғары технологиялы өндіріс қалыптасып, мамандар даярлау деңгейі көтеріледі. Үшіншіден, өнім экспорттауға мүмкіндік туып, Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуеті күшейеді. Президент экономиканы индустрияландыру және өңдеуші өндірісті дамыту міндетін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, вагон жасау зауыты жобасы стратегиялық маңызға ие.

Бейжің қаласында өткен келіссөздер барысында өнеркәсіптік бағыттағы бірнеше маңызды жоба талқыланды. Соның бірі – «TICA» компаниясымен желдету және ауаны баптау қондырғыларын өндіру жобасы. Жоба аясында жергілікті «Тау Групп» компаниясы қытайлық серіктеспен меморандумға қол қойды, жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылы жүзеге асады деген жоспар бар. Бұл жоба құрылыс және өндіріс секторындағы сұранысты қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ қытайлық HongDa компаниясымен Жаңақорған ауданындағы қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасын салу мәселесі талқыланды. Құны 120 млн доллар болатын ірі инвестициялық жоба өңірдегі тау-кен өндірісіне тың серпін бермек. Құрылыс жұмыстары 2027-2028 жылдары жүзеге асады. Бұдан бөлек, XINDA TRANSFORMER CO., LTD компаниясымен трансформатор өндіру және индустриялық парк құру жобасы пысықталды.

Іссапар барысында ауыл шаруашылығының инновациялық бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Қытайлық Yunguan Xinjia Supply Chain Management компаниясымен техникалық қарасора өсіру және оны терең өңдеу арқылы фармацевтикалық өнім өндіру жобасы талқыланды. Бұл бастама ауыл шаруашылығын әртараптандыруға мүмкіндік беріп, өңдеу өнеркәсібінің жаңа бағытын қалыптастыруы ықтимал. Әлемде техникалық қарасорадан медициналық және өндірістік өнім шығару тәжірибесі кең таралған. Сондықтан мұндай жоба Қызылорда облысының агроөнеркәсіп саласына инновациялық сипат беруі мүмкін.

Іссапар қорытындысында бірқатар қытайлық компаниямен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру өңірге инвестиция көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге және экономиканы әртараптандыруға оң әсер етеді. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда облысының Қытаймен экономикалық байланысты күшейтуге бағытталған жұмыстары Сыр өңірінің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

Қуан Өмірхан

Қызылорда облысы

Сайт Әкімшілігі