Әлеумет

Қытай мен Ресей бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуын өткізеді

Шілде айында Қытай мен Ресей Сары теңіз акваториясында «Теңіз өзара іс-қимылы – 2026» атты бірлескен әскери-теңіз оқу-жаттығуын өткізеді. Бұл туралы Қытайдың Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Фото: Russian Pacific Fleet/Sputnik/IMAGO

Ведомство нақты күнін, сондай-ақ оқу-жаттығуға қатысатын әскери техника мен жеке құрамның санын жариялаған жоқ.

Оқу-жаттығу Циндао қаласы маңындағы теңіз және әуе кеңістігінде өтеді. Жаттығудан кейін екі ел күштерінің бір бөлігі Тынық мұхитының тиісті акваторияларында бірлескен теңіз патрулін жүргізеді.

Қытай Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, бұл – Қытай мен Ресей қарулы күштерінің қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы жыл сайынғы ынтымақтастық жоспарының бір бөлігі.

Түркияның Anadolu агенттігінің мәліметінше, Циндао портында оқу-жаттығуға қатысу үшін келген Ресей әскери-теңіз күштерін қарсы алу рәсімі өткен. Ресей тарапынан «Варяг» крейсері, «Резкий» фрегаты, «Уфа» суасты қайығы және «Игорь Белоусов» құтқару кемесі қатысады.

Ал Қытай жағынан «Кайфэн» және «Аньшань» эсминецтері, «Уху» фрегаты, «Кикэсили» жабдықтау кемесі, «Янцзянху» суасты қайықтарын құтқару кемесі және палубалық тікұшақтар жұмылдырылады.

Сонымен қатар, мамыр айында жоғары лауазымды еуропалық шенеунік 2025 жылдың соңында Қытай аумағында шамамен 200 ресейлік әскери қызметші жасырын түрде дайындықтан өткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, олардың бір бөлігі кейін Украинадағы соғысқа жіберілген. Бұл ақпаратты Еуроодақтың арнайы қызметтері де растаған.

Бұған дейін Ресей мен Қытайдың «Теңіз өзара іс-қимылы – 2025» оқу-жаттығулары 2025 жылғы 1–5 тамыз аралығында Жапон теңізінде өткен болатын. Жаттығу барысында әскери теңізшілер теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын, суасты қайықтарына қарсы іс-қимылды, әуе шабуылына қарсы қорғанысты және бірлескен артиллериялық атыстарды пысықтаған.

Сайт Әкімшілігі