Қытай президенті өз билігін күшейту үшін Сталиннің әдісін қолданып жатыр
Америкалық The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Си Цзиньпин өз билігін нығайту мақсатында Иосиф Сталин мен Мао Цзэдун қолданған басқару тәсілдеріне ұқсас әдістерді пайдаланып келеді.
Басылым мәліметінше, Қытай басшысы жоғары билік эшелондарында тұрақты түрде кадрлық тазалау жүргізіп, Саяси бюро мүшелерінен өздерін және әріптестерін көпшілік алдында сынауды талап етеді. Сонымен қатар Си Цзиньпин өзін өз буынының басты коммунистік теоретигі ретінде көрсетіп, жеке басқа табыну мәдениетін қалыптастырып жатыр.
Сондай-ақ мақалада Қытай билігінің азаматтардың бір-бірін бақылауы мен сатып кету тәжірибесін барған сайын белсенді түрде қолдап отырғаны айтылған. The Wall Street Journal бұл үрдісті Сталин кезеңіндегі Кеңес Одағының және Мао Цзэдун дәуіріндегі Қытайдың басқару жүйесімен салыстырады.
Айта кетейік, бұл – The Wall Street Journal басылымының бағасы мен талдауы. Қытай билігі аталған тұжырымдарға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.