Қытай Тайвань маңында арнайы теңіз операциясын бастады
Қытай билігі Тайвань аралының шығысындағы теңіз акваториясында арнайы теңіз операциясының басталғанын жариялады. Бұл туралы елдің Көлік министрлігі мәлімдеді.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, операцияға Фуцзянь және Гуандун провинцияларының теңіз әкімшіліктері, Шығыс Қытай теңізінің навигациялық қамтамасыз ету орталығы мен теңіз құтқару бюросы қатысқан.
Қытай тарапының мәліметінше, ведомстволар теңіздегі көлік қозғалысына қатысты арнайы рейд өткізіп, елдің теңіздегі әкімшілік юрисдикциясын толық жүзеге асыруға бағытталған шараларды қолға алған.
Операция аясында шалғай теңіз аймақтарындағы патрульдеу күшейтіліп, маңызды акваториялардағы кеме қатынасы бақылауға алынады. Сонымен қатар теңіз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.
Бейжің бұл қадамды Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз кеңістіктерін межелеу бойынша келіссөздерді бастау туралы біржақты шешіміне жауап ретінде қабылданған «қажетті шара» деп атады.
Қытай билігінің пікірінше, мұндай келіссөздер елдің аумақтық тұтастығы мен теңіздегі заңды құқықтарына нұқсан келтіреді. Сондықтан ресми Бейжің аталған бастаманы өз егемендігіне қарсы әрекет ретінде бағалап отыр.