Қытай Тынық мұхитында құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді
Қытай әскері Тынық мұхитындағы халықаралық суларға оқу-жаттығу оқтұмсығымен жабдықталған құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақ ретінде ұшырды.
Бұл – соңғы екі жылдағы алғашқы осындай сынақ. Ол Аустралия мен Фиджи өзара қорғаныс туралы келісім жариялаған уақытпен тұспа-тұс келді.
Қытайдың мемлекеттік Xinhua агенттігінің хабарлауынша, 6 шілдеде Қытай Халық-азаттық армиясының әскери-теңіз күштеріне қарасты атом сүңгуір қайығынан ұшырылған зымыран белгіленген теңіз аймағына дәл түскен. Алайда нақты орны жарияланған жоқ.
Бейжің бұл сынақты жыл сайынғы әскери дайындық жоспарының бір бөлігі деп атап, оның ешбір мемлекетке немесе нақты нысанаға бағытталмағанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің жазуынша, Қытайдың теңізден құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшыруы сирек кездеседі. Соңғы осындай сынақ 2024 жылы өткен. Сарапшылардың пікірінше, бұл Бейжіңнің әскери қуатының артып келе жатқанын және аймақтағы белсенділігінің күшейгенін көрсетеді.
Қытай билігі көрші елдерді сынақ алдында алдын ала хабардар еткен. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин зымыран ұшыру «басынан аяғына дейін қауіпсіз, кәсіби және барлық стандартқа сай өткенін» айтып, басқа мемлекеттерді бұл оқиғаны «артық саясаттандырмауға» шақырды.
Сарапшылар қандай зымыран болғанын айтты
Қытай қандай үлгідегі зымыран сынағанын ресми түрде жариялаған жоқ.
Алайда The New York Times басылымына пікір білдірген Миддлбери колледжінің ғалымы Джеффри Льюистің айтуынша, әңгіме жаңа буындағы Julang-3 (JL-3) суасты қайықтарынан ұшырылатын, ядролық оқтұмсық тасымалдауға арналған құрлықаралық баллистикалық зымыран туралы болуы мүмкін.
JL-3 зымыраны алғаш рет 2025 жылғы қыркүйекте Бейжіңдегі әскери парадта көрсетілген. АҚШ Қорғаныс министрлігінің 2023 жылғы есебіне сәйкес, бұл зымыран Қытайдың жаңа буындағы атом сүңгуір қайықтарына орналастырылып жатыр. Ол Қытай жағалауынан-ақ АҚШ аумағына дейін соққы жасауға мүмкіндік береді.
Джеффри Льюистің пікірінше, Қытай алдағы уақытта мұндай сынақтарды жиілете түсуі ықтимал.
Аустралия ұлттық университетінің профессоры әрі бұрынғы әскери барлау қызметкері Джон Блэксландтың айтуынша, Бейжің өз қаруын ғана емес, сонымен бірге АҚШ пен аймақ елдерінің реакциясын да сынап отыр.
Аустралия мен Фиджи келісімі аясындағы сынақ
Зымыран сынағы Аустралия мен Фиджи өзара қорғаныс туралы жаңа келісімге қол қойғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң өтті. Келісімге сәйкес, тараптар шабуыл жасалған жағдайда бір-біріне көмек көрсетуге міндеттенеді.
Аустралияның сыртқы істер министрі Пенни Вонг Қытай алдын ала ескерткенімен, бұл сынақты аймақ тұрақтылығына қауіп төндіретін әрекет деп бағалады.
Жаңа Зеландия сыртқы істер министрі Уинстон Питерс те елінің бұл жағдайға алаңдаушылық білдіретінін айтты.
Жапония үкіметі Қытайдан алдын ала хабарлама алғанын, бірақ Бейжіңнің әскери белсенділігіне байланысты алаңдаушылық білдіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар сынақ салдарынан жапон кемелері мен ұшақтарына ешқандай зиян келмегені хабарланды.
Тайвань қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды өкілдері Қытай әскери-теңіз күштерінің, оның ішінде Ресеймен бірлескен оқу-жаттығуларының белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.