Сараптама

Қызанақ дауы: Мемлекет тұтынушыны қорғаймын деп фермерді құрбан етіп отырған жоқ па?

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы жылыжай иелері дабыл қақты. Шетелден, әсіресе Қытай мен Түрікменстаннан арзан қызанақтың көптеп келуінен жергілікті шаруаларға банкрот қаупі төнген.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 Фермерлер қызанағын сата алмай, тығырыққа тірелген. Бұл мәселені шешу жолында диқандар жергілікті билікке жүгінген екен, бірақ олар қауқарсыздық танытқан. Ал Сауда және интеграция министрлігі «отандық өнім шетелдік өніммен бәсекелесе алуы керек» деген. Қазір фермерлер мәселенің шешімін таба алмай дал болып отыр.

Сарыағаш – Қазақстандағы жылыжай шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Ауданда екі мыңға жуық шаруашылық 400 гектар аумақта қызанақ өсіреді. Демек мыңдаған адам нәпақасын осы жылыжайлардан тауып отыр. Бір жылыжайдың артында жер иесі, жұмысшы, тасымалдаушы, тыңайтқыш жеткізуші, көмір сатушы, базардағы саудагер тұр. Яғни қызанақ саудасының тағдыры бүтін бір ауылдың әлеуметтік жағдайымен байланысып жатыр. Бірақ қазір сол шаруалар еңбегіміз зая кете ме деп қорқады. Қоймаларда ондаған тонна өнім өтпей тұр. Бұған себеп – Түркістан облысы базарларында қытайлық және түрікмендердің қызанағы өте арзан бағаға сатылуда. Салыстыру үшін айтайық, Қытайдан келген қызанақтың келісі 350 теңге, Түрікменстаннан келген қызанақ бағасы – 230-250 теңге, ал жергілікті өнім шамамен 550 теңге тұрады. Тұтынушы үшін 200 теңгенің айырмасы маңызды. Сондықтан тұтынушы арзан бағаға ұмтылатыны да табиғи жағдай. Алайда фермерлер бағаны түсірсек, шығынымыз ақталмайды дейді.

Жылыжай иелерінің есебіне сүйенсек, бір гектар жылыжайды ұстауға шамамен 500 тонна көмір қажет. Көмірдің тоннасы – 27-29 мың теңге. Бір жұмысшының айлығы – 250-300 мың теңге. Бір гектарға 30-40 адам жалданады. Бұған жарық, тыңайтқыш, дәрі-дәрмек, көшет, су, тасымал шығыны қосылады. Көшеттің бір данасы 150 теңге болса, коммерциялық тарифпен электр қуатына да қомақты қаржы кетеді. Соның бәрін есептегенде жергілікті қызанақтың өзіндік құны 450-460 теңгеге шығады. Сондықтан 550 теңгеге сатылып жатқан қызанақтан фермерлер «асып-тасып пайда көріп отырғанымыз» шамалы деп санайды.

Министрлік не дейді?

Сауда және интеграция министрлігі фермерлердің шағымына жауап ретінде нарықтағы баға ең алдымен тұтынушы үшін тиімді болуы тиіс екенін айтқан. Ведомство мәліметінше, импорттық қызанақтар нарықтың небәрі жеті пайызын ғана қамтиды. Сонымен қатар министрлік жергілікті өндірушілер нақты кепілдік берсе, жағдайды қайта қарауға дайын екенін мәлімдеген.

«Егер фермерлер қауымдастығы елді толықтай қызанақпен қамтамасыз ететініне, бағаны тұрақты ұстайтынына және жыл бойына нақты қолжетімді бағаны бекітетініне кепілдік берсе, онда Сауда министрлігі олардың ұсыныстарын қарастыруға дайын», – дейді министрліктің ресми өкілі Тойгүл Жұбанышова.

Фермерлер не дейді?

Әзірге диқандар кепілдік мәселесін емес, қолдағы өнімді тым болмаса өзіндік құнымен сатып үлгеруді ойлап отыр. Сауда және интеграция министрлігінің жауабы да ойлантады. Ведомство нарықтағы баға ең алдымен тұтынушы үшін тиімді болуы керек екенін айтады. Бұл сөздің қисыны бар. Әрине, тұтынушы арзан өнім алғысы келеді. Бірақ мемлекеттің міндеті тек бүгінгі арзан бағаны бақылау ғана емес. Мемлекет отандық өндірістің ертеңін де ойлауы тиіс. Егер бүгін фермер банкрот болса, ертең нарықта отандық қызанақ азаяды. Сол кезде тұтынушы кімге тәуелді болады? Әрине, импорттаушыға. Ал импорттаушы бүгін арзан әкелгенімен, ертең нарықта жергілікті бәсекелес қалмаған соң бағаны қалағанынша көтермесіне кім кепіл? Бүгінгі фермерлердің айтар ойы – осы. Ал елдегі нарықты қамтамасыз етуге келгенде, фермерлер ешқандай мәселе жоғын алға тартады. Тек соған жағдай жасалынса, диқандар бүкіл республиканы қызанақпен қамтамасыз етуге дайын.

Фото: Данияр Қалтаев

Қазақстан фермерлік жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаевтың айтуынша, фермерлер бұл мәселе бойынша жергілікті билікке де, Сауда және интеграция министрлігіне де жүгінген. Алайда одан ешқандай нәтиже болмапты. Фермер елдегі қызанақ бағасы айтарлықтай қымбат емес деп есептейді. Оның бәрі нарықтағы кеткен шығынға қарай есептеліп қойған.

«Біздегі қызанақтың өз бағасы – 400 теңге. Өткенде Қытайдан қызанақ келді, енді Түрікменстаннан келіп жатыр. Түрікмендердің қызанағының келісі – 250 теңге. Сауда және Интеграция министрлігінің комитет төрағасы Ернұр Жәутіковпен бір ай бұрын кездестік. Сол кезде мәселені шешетін болып келіскенбіз. Бірақ содан бері хабарсыз кетті. Қоңырау шалсаң, телефон тұтқасын көтермейді. Енді қызанақты өз бағасынан төменге сатып жатырмыз. Шығынымызды ақтамай қала ма деген қауіп бар. Бұлай бола берсе, алдағы жылы қызанақ екпейміз, банкрот боламыз. Ал министрлік көмектесудің орнына, керісінше, бізге талап қойды. «Бізге тұрақты бір бағаны айтыңдар», – дейді. Фермерлер тұрақты бағаны қалай айтады? Жыл сайын барлық тауар қымбаттап жатыр ғой. Нарыққа қарай баға құбыла береді», – дейді Қазақстан фермерлік жылыжайлар қауымдастығының төрағасы.

Фермерлер мұның артында нарықты уақытша арзан өніммен басып, жергілікті өндірушіні ығыстыруға бағытталған сауда тактикасы жатуы мүмкін деп күдіктенеді. Себебі олардың мақсаты осы арқылы жергілікті фермерлерді банкрот етіп, базарда өз үстемдігін орнату болуы мүмкін.

«Саудада ойын болады ғой. Әлемдік ірі саудада да солай. Қазір біз түрікмендердің ойынына тап болдық. Бізді қорғайтын үкімет болмай отыр. «Бұл фермерлер келер жылы да бізге керек» дейтін адам жоқ. Егер біз биыл банкрот болсақ, келер жылы сырттан келетін қызанақтың бағасы 2 мың теңгеге шықпайтынына кім кепіл?! Сырттан тауар тасушылардың да мақсаты – сол. Бізді банкрот ету. Келер жылы өздері қалаған бағаны қояды. Қытай билігі әлемдік көлік нарығын жаулау үшін компанияларға субсидия бөліп жатыр, еуропалықтар мұны әділетсіз бәсеке деп санайды. Біз де қазір сондай жағдайға тап болдық. Мәселе – осы. Оларды елге кіргізіп, отандық фермерлерді итке талатқандай етіп отыр. Біз банкрот болсақ, оларға кім қарсы тұрады?!», – дейді Д.Қалтаев.

«Біз болмасақ, шекарадан ел де көшеді»

Фермерлер тағы бір маңызды мәселені көтеріп отыр. Олар Қытай мен Түрікменстаннан келетін көкөністерге шекарада фитосанитарлық бақылау дұрыс жасалмайды деп күдіктенеді. Егер расында сырттан ауру өнім кіріп жатса, бұл тек фермерге емес, тұтынушыға да қауіп. Данияр Қалтаев шекарадағы фитосанитарлық бақылау мәселесі үнемі көтерілетінін айтады. Ал жергілікті билік тек құрғақ уәдемен шектелген.

«Біздегі шекарада қызанақтың фитобақылауға тұратынына күмәнім бар, себебі сол қызанақтармен бізге түрлі зиянкестер мен ауру келді. Енді сонымен күресіп жатырмыз. Бұл аурулар біздің елде емес, басқа елде тіркелген. Қысқасын айтқанда, бұл жерде мәселе – шекарадағы тәртіптің жоқтығында. Өзбекстан мен Түрікменстанға тауар апарып көріңіз. Тіпті Түрікменстанға тауар түгіл, адам әрең өтеді. Жүйелі тәртіп болса, біз көкөніспен елді қамтамасыз ете аламыз. Бірақ сол потенциалымызды көрсете алмай отырмыз. Фермерлер де – елдегі білікті кәсіп иелері қатарынан. Біз суды үнемдеп қолданамыз, аз жерден көп өнім аламыз, интенсивті бағытта жұмыс істейміз, тұрақты бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Қала берді, шекара шетіндегі елді ұстап отырмыз. Жұмыс жоқ болса бұл аймақтан жұрт та көшеді. Сондықтан бұған жай қарауға болмайды. Соны айтсақ, тыңдайтын ешкім жоқ», – дейді ол.

Фото: Бауыржан Әбілқасымов

Бауыржан Әбілқасымов, фермер: Төрімізді өзгеге беріп қойдық, қожайын – солар

– Қазіргі мәселені көріп-біліп отырған шығарсыздар. Меніңше, мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауы керек. Себебі қаржы өзімізде қалады. Қаншама азамат жұмыспен қамтылады. Бізде күніне 500 тонна қызанақ шығып жатыр. Біз қызанақпен республиканы қамтамасыз ете аламыз. Мұны Серік Жұманғаринге арнайы хат арқылы жеткіздік те. Алайда нақты жауап болмады. Қазір қызанағымызды сата алмай отырмыз. Банкрот болудың алдындамыз. Мұның бәрі – шенділердің бізге деген немқұрайлылығының, салғырттығының салдары.

«Барыс» деген базар бар. Күніне Түрікменстаннан 20 фура қызанақ келіп жатыр. Келісі – 230 теңге. Шығынын есептесең, бағасы ақылға сыймайды. Екі ел шекарасынан өтеді, базардағы сататын адамдарға ақша береді, келетін жалдау ақысы тағы бар. Бұлар сонда минусқа жұмыс істеп жатыр ма? Бұл не саясат? Қазақстан фермерлерін нарықтан шығарып тастау үшін әдейі істей ме? Сұрақ көп.

Өзбекстанның кәсіпкерлері (ішінде Қазақстаннан да бар дейді) – бәрі жиналып Түрікменстанда 800 гектарға жылыжай салыпты. Соның бәрінде қызанақ егілген. Бұл өнімді олар Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей нарығына есептеп еккен. 6 млн түрікмендер оны жеп тауыса алмайды ғой. Енді Өзбекстан оларды кіргізбей жатыр. Себебі өздерінің жылыжайлары бар. Үкімет кәсіпкерлерді қолдап отыр.

Мен халықты да ойлаймын. Нарықта қызанақтың бағасы қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Өз құқығымызды қорғап жатқанымыз. Ертең бізді нарықтан шығарып тастаса, Қытай мен Түрікменстан елде қалаған бағасын қояды. Былай қарасаң, төріңді біреуге беріп қойдың, көрінген келіп қожайын болып отыр. Біз басқа салаға көше аламыз. Жылыжайымыз бос тұрмайды. Қырыққабат, қияр да еге аламыз. Ертең нарықта түрікмен қалып қойса, олар халықтың басын сипамайды. Қалаған бағасын қояды.

Қазір билік «бағаны 550 теңгеден асырмаймыз» деген меморандумға қол қойдырып алып жатыр. Біз көнеміз, бірақ ортадағы делдалдар бағасын көтермеуге кім кепіл? Себебі қазір басқа сауда орындарында Сарыағаштың қызанағының келісі – 965 теңге. Ал біз мына жақта 300 теңгеге сата алмай жатырмыз. Ортадағы ақшаның қызығын кім көреді? Халыққа қымбатқа сатады, ал бізде қызанақ шіріп жатыр? Парадокс.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Қазіргі жағдайға қарасақ, мемлекет тұтынушыны қорғаймын деп фермерді құрбандыққа шалып отырғандай әсер қалдырады. Себебі билік арзан бағаны ғана алға шығарып, сол бағаның артында кімнің шығыны, еңбегі және кімнің ертеңгі тағдыры тұрғанын екінші орынға ысырып қойған сияқты. Әрине, тұтынушы үшін қызанақтың арзан болғаны жақсы. Халықтың табысы азық-түлік бағасына ілесе алмай отырған кезде әр теңгенің маңызы бар. Бірақ бағаны уақытша арзандату үшін отандық өндірушіні нарықтан ығыстырып жіберу – ұзақ мерзімде тұтынушының өзіне де зиян емес пе?!

Фермерлер «қызанақты қымбат сатқымыз келеді деген талап қойып отырғанымыз жоқ» дейді. Олар өнімін ең болмаса өзіндік құнымен өткізіп, жұмысшыларына жалақы беріп, көмір мен жарыққа кеткен шығынын жауып, келесі маусымға аман жетуді сұрап отырғанын алға тартады. Егер мемлекет «нарық өзі реттейді» деген ұстаныммен шектелсе, онда бұл әділ бәсеке емес, әлсізді мықтыға жығып беру болып шығады. Қытай мен Түрікменстаннан келетін арзан өнімнің артында басқа елдің өндірістік қуаты, субсидиясы, арзан ресурсы немесе арнайы сауда тактикасы тұруы мүмкін. Ал отандық фермерлер инфляция жағдайында олармен жалғыз күресуге мәжбүр болып отыр.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі