Қызылорда облысында учаскелік инспекторды өлтірді деген күдікті ұсталды
Қызылорда облысында учаскелік полиция инспекторының өліміне қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы ер адам қамауға алынды.
Полиция қызметкерінің денесі 1 қыркүйекте табылған. Денесінен зорлық белгілері анықталған. Қайғылы оқиға кезінде инспектор жыл сайынғы еңбек демалысында болды.
Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Кикілжің кезінде полицей ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
Күдікті Арал ауданының тұрғыны болып шықты. Ол ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалып, соттың шешімімен қамауға алынды.
Қылмыстық істің тергелу барысын Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.
Істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.