Әлеумет

Қызылордада екі ірі зауыттың іргетасы қаланды

Кейінгі жылдары Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Сыр өңірі өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық инвесторларды тартуға басымдық беріп отыр. Ел президентінің инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту және өңдеу секторын күшейту жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты жобалар арқылы іске асып жатыр.

Фото: Қызылорда облысы

Қазір Қызылорда облысы еліміздегі инвестициялық белсенділігі жоғары аймақтардың біріне айналды. Кейінгі жылдары өңір экономикасына 2,3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Ал алдағы үш жыл ішінде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Жақында Қызылордада екі бірдей ірі өндірістік жобаның іргетасы қаланды. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, Қазақстанның индустриялық дамуына тың серпін береді деген сенім бар.

Алғашқы жоба – шыны ыдыстар шығаратын заманауи зауыт құрылысы. «Seven Rivers» компаниясы қолға алған бұл өндіріс орны өңірде шыны кластерін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама саналады. Зауыт әлемдік деңгейде мойындалған немістің «Horn» технологиясымен жабдықталады. Бұл технология өнім сапасын арттырып, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жоба аясында жыл сайын 240 млн дана шыны ыдыс шығару жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 60 млрд теңгеге жетеді. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 500-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады.

Зауыт үшін барлық инженерлік инфрақұрылымы дайын «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер бөлінген. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында шешіліп отыр. Жобаның тағы бір ерекшелігі – еліміздің әр өңірінен жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару көзделіп отыр.

Бұл өндіріс импортты алмастыруға да айтарлықтай үлес қоспақ. Қазір ыдыстардың басым бөлігі шетелден тасымалданады. Ал жаңа зауыт ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп, алдағы уақытта экспорттық әлеуетті күшейтеді.

Сондай-ақ Қызылорда облысында жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит сияқты табиғи шикізат қоры мол. Осы ресурстарды тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісінің айналасында қосымша кәсіпорындар ашуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, өңір экономикасының тұрақтылығын арттырады.

Сыр өңірінде қолға алынған тағы бір маңызды жоба – әлемге әйгілі испаниялық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыты. Ғасырдан аса тарихы бар бұл компания қазір сантехникалық өнім өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып отыр. Компанияның әлем бойынша 78 өндірістік алаңы бар және онда 20 мыңнан аса адам еңбек етіп жүр. Өнімдері 170-тен аса мемлекетке экспортталады.

Осындай ірі халықаралық компанияның Қазақстандағы алғашқы өндіріс орнын дәл Қызылорда облысында ашқанын өңірдің инвестициялық тартымдылығының айқын көрсеткіші деп бағалауға болады.

Жобаның жалпы құны 44,1 млрд теңгеге жетеді. Зауытқа 24 гектар жер телімі бөлінген. Өндірістік қуаты жылына 500 мың дана санитарлық-техникалық бұйым шығаруға жетеді. Өнімдер Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Ең маңыздысы, бұл Қазақстандағы халықаралық экологиялық стандарттарға толық сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны болғалы отыр. Кәсіпорында шамамен 300 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандарды оқыту және олардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Компания жыл аяғына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын қосымша өндіріс желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.

«Өткен аптада ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенін аштық. Бүгін испаниялық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының капсуласын салдық. Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді облыс әкімі Мұрат Ергешбаев.

Қызылордада жүзеге асырылып жатқан мұндай ірі жобалар өңір экономикасының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Бұрын табиғи ресурстарға тәуелді болған аймақ қазір заманауи өндірістерді дамыту арқылы жаңа экономикалық модель қалыптастыруға күш салып жатыр.

Өндіріс орындарының ашылуы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, бюджет түсімдерін арттырады, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді, жаңа технологиялардың келуіне жол ашады. Сондай-ақ экспорт көлемінің ұлғаюы өңірдің ғана емес, тұтас ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Қазір Қызылорда облысы индустриялық-инновациялық даму бағытында қарқынды қадам жасап келеді. Шыны өндірісі мен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыттардың іске қосылуы осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі болмақ. Бұл жобалар Сыр өңірінің өндірістік әлеуетін күшейтіп, оны Қазақстанның жаңа индустриялық орталықтарының біріне айналдыруға негіз қалайды.

Қуан Өмірхан

Қызылорда облысы

Сайт Әкімшілігі