ҚМДБ орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік мектептерді лицензиясынан айырмауды ұсынды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыруға қарсылық білдірді.
ҚМДБ мемлекеттік органдарды мәселені өзара келісім арқылы шешуге шақырды.
Діни басқарманың пікірінше, балиғат жасына жеткен мұсылман әйелдер үшін орамал тағу діни талаптардың бірі саналады. Сондықтан оның діни ұстаным ретінде сақталуы баланың білім алуына кедергі болмауы керек.
ҚМДБ мәселені шешудің бір жолы ретінде мектеп формасының бекітілген түсі мен жалпы үлгісіне сәйкес келетін орамал тағуға мүмкіндік беруді ұсынды.
Бұған дейін мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдарына шара қолданылуы мүмкін екені хабарланған. Оның ішінде оқушыларға орамал тағуға рұқсат берген мектептердің лицензиясынан айыру мәселесі де қарастырылуы мүмкін.
ҚМДБ бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігімен, ата-аналармен, сарапшылармен және діни қауымдастық өкілдерімен бірге талқылауға дайын екенін мәлімдеді.