Коалиция: 4 күн ішінде 50-ге тарта белсендіден жауап алынып, кейбірі әкімшілік жазаға тартылды
Белсенділердің ұсталуына байланысты 20 қыркүйекте жиын өткізген Азаматтық бастамалар коалициясы "төрт күн ішінде 50-ге тарта белсендіден полиция жауап алынып, кейбірінің әкімшілік жазаға тартылғанын" мәлімдеді.
Коалиция жасаған белсенділер тізімінде айыппұл алып, қамалғандармен бірге "әкімшілік сотты күтіп отырған" немесе тергеуге шақырылып, босатылған, түсіндіру әңгімесіне шақырылған белсенділердің де аты-жөндері болды. Коалиция мүшелері олардың саны барған сайын көбейіп бара жатқанын да жеткізді.
Қыркүйектің 16-сынан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсылық білдіріп", наразылыққа шыққан белсенділер "әкімшілік жазаға тартылып жатыр". Полиция ресми түрде түсініктеме бермеді. Кейбір құқық қорғаушылар мұны "21 қыркүйек күнгі митингі алдындағы "профилактикалық шара" деп те бағалайды. Бұған дейін билік оппоненті, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов тұрғындарды 21 қыркүйекте митингіге шығуға шақырған.
20 қыркүйек күнгі баспасөз жиынында "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңның конституция мен халықаралық стандартқа сәйкес еместігін алға тартқан колация мүшелері "мемлекет белсенділерді жазалаудың орнына осы заңды конституция талаптарына сәйкестендіруге күш салуы тиіс" деді.
Олар конституцияда жазылған құқықтарын жүзеге асыруға талпынған азаматтарды соттың "қатаң жазалағанын да" сынады.
"Олардың ешқайсысы заңға қайшы әрекет етпеген, полиция талабы бойынша митингіні тоқтатып тараған. Соған қарамастан белсенділерді қамап, қатаң жазалады. Бұған қоса, сот пен қамауға алу шаралары сталиндік қуғын-сүргін заманы кезіндегідей түнде және адвокатсыз жүзеге асырылды" делінген мәлімдемеде.
Тоғжан Қажалиева, Батыр Адайбаев, Әлнұр Ильяшев, Даная Қалиева сияқты белсенділерден құралған Азаматтық бастамалар коалиция тобы биліктен "белсенділер ісін тез арада қайта қарап шығуды, "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды конституция мен халықаралық талаптарға сәйкестендіруді" талап етті.
Алматыда бұл жиын өтіп жатқан кезде Ақтөбеде тағы бір азамат Ақтамақ Көптілеуоваға "6 қыркүйек күнгі рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін" 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды. Сот оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-бөлігі) деген айып таққан.