Оқиғалар

Қоғамдық кеңістік және жауапкершілік: «Таза Қазақстан» қандай өзгеріс әкелді?

«Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, азаматтардың қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастамаға айналып келеді.

Фото: ашық дереккөз

Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру және қалалық ортаның сапасы бүгінде тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырыла бастады.

Астанада бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру және жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастырумен жалғасып келеді. Елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесі тұрғындардың пікірін ескеру, қалалық ортаны зерттеу және нақты қажеттіліктерге негізделген шешімдер қабылдаудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар бұл тәжірибені өңірлердің ерекшеліктеріне бейімдеп қолдану мүмкіндігі де қарастырылуда.

Осы және өзге де мәселелер жөнінде Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаевамен әңгімелестік.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Сіздің ойыңызша, Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға қалай ықпал етіп келеді?

— «Таза Қазақстанның» негізгі ерекшелігі – экология мәселесін жекелеген сенбіліктер аясынан шығарып, қоғамдық жауапкершілік пен күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналдыруға бағытталуында. Бұл ретте тазалық тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, азаматтардың да ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырыла бастады. Бастаманың ауқымы оған қоғамның әртүрлі топтарының кеңінен тартылуынан көрінеді. 2025 жылы «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық іс-шараларға 6,9 млн адам қатысып, 844 мың тонна қалдық жиналған. Мұндай көрсеткіштер экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмысының жүйелі сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы бұл бағытта азаматтардың тазалыққа немқұрайлы қарамай, оны нақты әрекетімен көрсетуі маңызды екенін атап өткен. Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуінде Президент тазалық пен ұқыптылықты сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсету қажеттігіне назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызды қыры – адамның қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін күшейту. Экологиялық мәдениет бір реттік акциялар арқылы емес, күнделікті мінез-құлық пен қоғамдық ортаға деген тұрақты жауапкершілік арқылы қалыптасады. Бастама осы қағидатты қоғамдық деңгейде орнықтыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына оң өзгерістер әкелген бірегей жоба ретінде атап өтті. Осы бастаманың арқасында қазақстандықтардың қоршаған ортаға деген көзқарасында қандай нақты өзгерістерді байқап отырсыз?

— «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстардың басты ерекшелігі – тұрғындардың экологиялық мәселелерді тек мемлекеттік органдардың міндеті ретінде қабылдаудан азаматтық жауапкершілік пен белсенді қатысуға көшуі. Бұл өзгеріс адамдардың өз ауласы, көшесі, саябағы мен қоғамдық кеңістіктерінің жағдайына тікелей араласуынан көрінеді. 2025 жылы бастама аясындағы іс-шараларға 6,9 млн адамның қатысуы және республика бойынша 1 294 экологиялық іс-шараның өткізілуі қоғамның экологиялық күн тәртібіне қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сол жылы шамамен 2,9 млн ағаш отырғызылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы арқылы экологиялық жауапкершілікті қоғамдық мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдыруға басымдық беріп келеді. Президенттің Түркістандағы сөзінде атап өткен «ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық» ұғымдары да осы ұстанымның мазмұнын айқындайды.

Бүгінде экологиялық мәдениет тек тазалық сақтаумен шектелмей, қалдықтарды дұрыс басқару, аумақтарды көгалдандыру, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және экологиялық волонтерлік сияқты жауапты мінез-құлық түрлерін қамти бастады. Сондықтан «Таза Қазақстанның» ұзақ мерзімді мақсаты – белгілі бір күнде аумақты тазалаумен шектелмей, тазалық пен ұқыптылықты күнделікті қоғамдық әдетке айналдыру.

Президент Астананың абаттандырылуы мен көгалдандырылуына ерекше назар аударып, қаланың қоғамдық кеңістіктерін дамыту жұмыстарын атап өтті. Мемлекет басшысының бұл мәселеге тұрақты көңіл бөлуі елорда келбетінің өзгеруіне қалай әсер етті?

— Астананың өзгерісін тек жаңа ғимараттар мен жолдардың салынуымен өлшеуге болмайды. Қазіргі урбанистикада қаланың қоғамдық кеңістіктері, көгалдандыру, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта, аулалар мен демалыс орындарының сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастырылады.

Соңғы жылдары Астанада қоғамдық кеңістіктерді дамытуға, көгалдандыруға және қаланың сәулеттік-эстетикалық келбетін қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселесіне тұрақты назар аударып, қалалық ортаны одан әрі жетілдірудің маңызын атап өтті. Бұл ретте Астананы дамыту жаңа нысандар салумен қатар, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруды да қамтиды.

Осы бағытта Урбанистика орталығының жұмысы да маңызды. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту кезінде тұрғындардың пікірін ескеру, қаланың әр бөлігіндегі нақты мәселелерді зерттеу сияқты тәсілдер қалалық шешімдердің жергілікті қажеттіліктерге бейімделуіне мүмкіндік береді.

Сондықтан абаттандыруды тек қаланы көркейту ретінде қабылдауға болмайды. Сапалы қалалық орта тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерді пайдалануына, қалаға деген көзқарасына және күнделікті жайлылығына тікелей ықпал етеді.

Президент Урбанистика орталығының тәжірибесін басқа өңірлерге таратуды тапсырды. Осы бастаманың Астана үшін маңызы қандай және елорда тәжірибесі басқа қалалардың дамуына қандай үлгі бола алады?

— Астана соңғы жылдары қалалық ортаны дамыту бағытында белгілі бір тәжірибе жинақтады. Ендігі міндет – осы тәжірибеде басқа өңірлерге бейімдеуге болатын тиімді тәсілдерді анықтау. Бұл дайын жобаларды өзге қалаларға сол күйінде көшіруді білдірмейді. Себебі әр өңірдің климаты, халық саны, құрылыс қарқыны мен қала құрылысының ерекшеліктері әртүрлі.

Осы тұрғыдан Урбанистика орталығының тәжірибесінен тұрғындардың пікірін ескеру, қоғамдық кеңістіктерді алдын ала зерттеу, көгалдандыруды жүйелі жоспарлау және жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру сияқты тәсілдерді қолдануға болады. Мемлекет басшысы да Урбанистика орталығының жұмысына тоқталып, тұрғындардың «ой-пікірін, талап-тілектерін» ескерудің маңызын атап өтті.

Мұндай тәжірибе алмасу өңірлердің ортақ мәселелерді шешуде бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік береді. Әсіресе аулаларды абаттандыру, саябақтар мен скверлерді дамыту, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру бағыттарында Астанада қалыптасқан тәсілдер жергілікті ерекшеліктерге бейімделіп қолданылуы мүмкін.

Мемлекет басшысы қоғамдық орындарды бүлдіретін заңсыз граффитиге қатысты қатаң шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Бұл тапсырма қалалардың тазалығы мен көркін сақтауға, қоғамдық кеңістіктерге деген жауапкершілікті арттыруға қалай ықпал етеді?

— Заңсыз граффити мәселесінде басты мәселе – суреттің өзі емес, қоғамдық немесе жеке меншік нысанды иесінің келісімінсіз бүлдіру. Сондықтан бұл жерде қаланың тазалығы ғана емес, қоғамдық мүлікке деген жауапкершілік те сөз болып отыр.

Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударуы қалалық ортаны қорғау талаптарын күшейту қажеттігін көрсетеді. Қабырғаға, аялдамаға, ғимаратқа немесе басқа инфрақұрылым нысанына рұқсатсыз жазу жасалған жағдайда, оны тазалауға қосымша қаржы мен уақыт жұмсалады. Ең бастысы – тұрғындар күнделікті пайдаланатын ортаға зиян келеді.

Сонымен бірге заңсыз граффити мен заңды көше өнерін бір нәрсе ретінде қарастырмаған жөн. Арнайы бөлінген орындарда шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру – бір мәселе, ал қоғамдық нысандарды рұқсатсыз бүлдіру – басқа мәселе.

Сондықтан бұл бағытта жауапкершілікпен қатар профилактика да маңызды. Жастардың шығармашылығына арналған заңды алаңдар көбейсе, көше мәдениетін қолдаудың да, қоғамдық кеңістікті қорғаудың да мүмкіндігі артады.

Жалпы, қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысымен қамтамасыз етілмейді. Тұрғындардың қоғамдық ортаға деген қарым-қатынасы да маңызды. Қоғамдық кеңістікті ортақ құндылық ретінде қабылдау қалыптасқан сайын мұндай мәселелердің алдын алу да жеңілдейді.

Сайт Әкімшілігі