Көк-Жайлау дауы: Баспасөз маслихаты кезінде белсендіге полиция келген, интернет өшкен
Алматыда Көк-Жайлау шатқалында Almaty SuperSki тау-шаңғы курортын салуға қарсы экобелсенділер баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын басталар алдында интернет өшіп, белсенді Салтанат Ташимоваға полиция қызметкерлері келген.
Баспасөз мәслихаты Қазақстанның халықаралық адам құқықтары бюросының алаңында өтті. ҚазТАГ мәліметінше, жиын алдында азаматтық киімдегі бірнеше ер адам өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, Салтанат Ташимоваға шақырту қағазын беретіндерін айтқан.
«Сізді ешкім ұстап жатқан жоқ. Шақырту қағазын береміз, болды. Қазір төменге түсіп, түсіндіреміз», – деген олардың бірі.
Оқиға Бюроның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған видеоға да түскен. Бұдан бөлек, қатысушылардың айтуынша, баспасөз орталығында интернет уақытша өшіп, кейін қайта қосылған. Соған қарамастан жиын өтіп, Ташимова да оған қатысқан.
Баспасөз мәслихатында архитектор әрі экобелсенді Эмина Кужамуратова Almaty SuperSki жобасына бюджет қаражатының қандай негізде жұмсалып жатқанын тексеруді талап еткен. Оның сөзінше, жарияланған мәліметтерде 7 мың төсек-орын мен тәулігіне 15 мың келуші қарастырылғанымен, осынша адамды тауға жеткізуге арналған нақты архитектуралық шешімдер түсініксіз.
Кужамуратова жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне және қоғамдық тыңдаулардың өту тәртібіне қатысты да сұрақтар бар екенін айтты.
«Мен туризмнің дамуын қолдаймын, бірақ оны табиғатты бүлдірмей дамыту керек», – деді ол.
Жиынға қатысқан бизнес-аналитик Вадим Гетте өзін даудың ешбір тарабының өкілі емес, тәуелсіз сарапшы ретінде таныстырды. Оның пікірінше, Almaty SuperSki жобасы бойынша қоғамға ұсынылған ақпарат толық емес және жобаның қажеттілігі мен нақты таңдалған шешімді бір-бірінен ажырата қарау керек.
Гетте «Неліктен курорт дәл Көк-Жайлауда салынуы тиіс?» деген сұраққа және балама аумақтардың неге қарастырылмағанына назар аударды.
«Менің бүгінгі қорытындым – бұл жаман жоба деген емес, оны әзірге ешкім дәлелдеген жоқ. Бірақ керісінше екенін де ешкім дәлелдеген жоқ», – деді сарапшы.
Ал Салтанат Ташимова тау-шаңғы инфрақұрылымының орнына экожүйеге зияны аз жаяу тау туризмін дамытуға басымдық беруді ұсынды. Ол мұздықтарға жақын жерде құрылыс жүргізуге қарсылық білдіріп, Көк-Жайлаудағы сел қаупі толық зерттелмегенін мәлімдеді.
«Мен экотуризмді, туризм мен бизнестің дамуын қолдаймын. Бірақ мұның бәрі табиғатпен үйлесімді болып, экожүйені сақтауы керек. Мұздықтардың маңында құрылыс жүргізуге болмайды», – деді Ташимова.
Баспасөз мәслихаты аяқталған соң Ташимова сыртта өзін полиция қызметкерлері күтіп тұрғанын хабарлаған.
Көк-Жайлауды қорғаушылардың полиция назарына ілігуі алғаш рет емес. Бұған дейін экобелсенді Аруна Ортаеваның үйінде тінту жүргізіліп, ол Алматы полиция департаментіне жеткізілген еді. Кейін Ортаева 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның ісіне байланысты «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры алаңдаушылық білдірген.
Ортаева бұған дейін өзге белсенділермен бірге БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке Көк-Жайлаудағы құрылыс жұмыстарын тоқтатуды сұрап үндеу жолдаған.