Саясат

Көк Жайлауды қорғаушылардың бірі Аруна Ортайдың үйінде тінту жүргізілгені хабарланды

Алматыда Көк Жайлау шатқалындағы құрылысқа қарсы белсенділердің бірі Аруна Ортаеваның үйінде тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады.

Фото: Аруна Ортай

Бұл туралы экобелсенді Салтанат Тәшімова мен Қазақстанның халықаралық адам құқықтары бюросы хабарлады.

«Арунаның үйінде тінту жүріп жатыр! Бұл – Көк Жайлау мен АГК бойынша әшкерелейтін видеолар жариялаған қыз», – деп жазды Тәшімова Facebook парақшасында.

Қазақстанның халықаралық адам құқықтары бюросының мәліметінше, тінтуден кейін Аруна Ортаева Алматы қалалық полиция департаментіне жеткізілген.

«Жақында ол әкімдікте өткен жұмыс кеңесінің аудиожазбасын жариялаған еді. Онда Көк Жайлаудағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге қатысты мәселелер талқыланған», – делінген бюро хабарламасында.

 

Бұған дейін Instagram желісіндегі arukahey парақшасында Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, 1972 жылы «Медеу» биік таулы спорт кешенінің құрылысына бас инженер ретінде қатысқан Борис Яглинскийдің видеосы жарияланған еді. Ол Көк Жайлау шатқалында тау шаңғысы кешенін салуға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеген.

 

Айта кетейік, бұған дейін Аруна Ортай «Жас Алашқа» Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты пікір білдірген еді. Ол Almaty SuperSki жобасының бұрынғы Көкжайлау жобасынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін айтып, жоба авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тау туризмін дамыту жөніндегі тапсырмасын бұрмалап отыр деп мәлімдеген. Сондай-ақ белсенді Президент әкімшілігіне 2019 жылы Тоқаевтың Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салуға тыйым салған тапсырмасының күшін жоятын ресми құжатты көрсету туралы сауал жолдағанын айтқан еді.

Сайт Әкімшілігі