Сараптама

Көкпар тартқан көгерсе?..

Өткен аптада Алатаудың күнгей бетінде Қырғыз президентінің «Көкбөрі» еларалық кубогы өтті.

Jasalash.kz

Халықаралық жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан қатарлы мемлекеттер қатысқан. Жарыстың қалай өтіп жатқаны, қанша команда бақ сынасып, кімдердің мерейі үстем түскені туралы емес жазбамыз. Біздің жазбамызға әлеуметтік желідегі әлдебір бейнекөрініс түрткі болды.

Бірнеше секундтық видео. Екі көкпар команданың жан берісіп, жан алысқан сәті. Екеуі де Қазақстан құрамалары. Біреуі Түркістан көкпаршылары, екіншісі Астана құрамасы көрінеді. Қазандық төңірегіндегі тартыс кезінде бір ойыншы аттан жығылып қалады. Сол сәтте төреші ысқырық шалып, ойынды тоқтатады. Бірақ қарсылас команданың ойыншысы атпен шауып келіп, әлгі жерде құлап жатқан көкпаршыны таптап өтеді. Қасақана, әдейі жасағаны бейнекөріністен анық көрініп тұр. Қырғыздың спорт комментаторы «Бұлар бірін-бірі төпелеп жатат» деген сөзін ютубтағы толық нұсқасынан тауып көрдік.

Айырқалпақты ағайынға мазақ болып, қырғыз жерінде бірін-бірі сабап, атпен таптап жүрген ойыншылар кімдер? Қандай жабайылық еді? Не деген бассыздық? Мұндай да жауыздық бола ма? Не қылған кекшілдік? Әлеуметтік желідегі жұрттың пікірі осыған саяды.   

Көкпар ұлттық ойын шығар, ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз болар. Бірақ ХХІ ғасырда жұрттың баласы көкке ұшып, ғылым-біліммен бәсекелесіп, әйдік техника жасап, судан сүт қайырып жатқанда, қазақ жастарының көкпармен бәсекелесіп, ат үстінде бірін-бірі сабап жүргені қалай? Әлде қазақ баласының ғылым-білімге, өнерге икемі жоқ па? Ата-бабаларымыз ақылды болған, білімді болған деп мақтанғанда езуіміз көпіреді. Бірақ білімнен гөрі, көкпарға, ережесіз жекпе-жекке, боксқа барымызды салатынымыз қалай? Кәріміз де, жасымыз да оқып-тоқуға, ғылымы озық елдерден өнер үйренуге келгенде кежеміздің кейін тартып тұратыны несі? Көкпардан көгерсе, қазақ пен қырғыз баяғыда озып кетер еді...

Жат жерде бірін-бірі сабап, қырғыздарға таба болған ойын туралы Түркістан облыстық «Көкпар» федерациясының президенті Ғани Ахметбаевтан сұрадық. Федерация президенті ондай заңсыздық туралы естімегенін, ешқандай бейнекөрініс қолына түспегенін, тіпті бұл жарыстың соншалықты маңызды емес екенін, әдеттегі достық кездесу болған соң Қазақстаннан іріктелмеген бес команда барғанын жеткізді. Халықаралық жарыстан Астана құрамасы екінші орынмен қайтыпты. Ардагерлер арасынан да бізден барған сақа көкпаршылар екінші жүлдемен қайтқан. Ал Түркістан, Жетісу, Қарағанды көкпаршылары ешқандай орын алмаған.

Ахметбаев үш жылдан бері көкпар ережелерінің бірізге түскенін, ұлттық ойынға «Қызыл карта» деген талап енгенін айта келіп, жаппай көкпардағы бұрынғыдай тартпа қию, жүген сыпыру, серкені ерге байлап тарту, тұзақ салу сияқты заңсыздықтардың бәріне тыйым салынғанын, ал қырғыздағы тәртіпсіздіктің жазасы ойыншыны көкпардан 1 жылға дейін аластату екенін жеткізді.

–Бұл жерде ойын ережесі өрескел бұзылып отыр. Көкпаршы қарсылас команданың ойыншысын қасақана атпен таптаса, біздің енгізген норма бойынша, ол 1 жылға дейін көкпар тарта алмайды. Барлық жарыстардан шеттетіледі. Уатсаптағы ортақ чатқа суретін салып, аты-жөнін жариялап, барлық ойындардан шеттетеміз. Көкпаршы тәртіпке бағынбаса, көкпар тәртібін қасақана бұзса, ойыншыны 5 күннен 1 жылға дейін ойыннан аластату туралы заң талабымызда анық жазылған. Заң нормаларын орындату үшін бізге құқық қорғау орындары мен прокуратура көмектеседі. Талап ойыншыға ғана емес, көрерменге де, атбегіне де ортақ, – деп түсіндірді.

Федерация басшысының айтуынша, мұндай бассыздық «қазандық ойында» көп кездесетін көрінеді. «Қазандық ойын» Қырғызстанда ғана сақталған қазір. Ал басқа сегіз мемлекет көкпарды шеңбермен ойнайды. Қазандық көкпар шектелген. Өйткені қазандықпен ойнау адамға да, атқа да қауіпті. Бірақ айырқалпақты ағайын шеңберді қызықсыз көріп, қазандықтан бас тартпай отыр. Ахметбаевтың «қырғыз президентінің кубогы соншалықты маңызды ойын емес», «құрама командалар барған жоқ» деуі – жеңілген адамның уәжі, әрине. Ал соңғы оқиғаға байланысты қандай шара қолданатыны жайлы нақты ештеңе айтпады.

Жарас Шөке
Тегтер: Без Тега