Әлеумет

Көктайғақтан Ақтөбеде 200 адам ауруханаға түсті

Ақтөбе мұз құрсауында. Түнімен жауған жаңбырдан соң қала көшелерін мұз айдынына айналған.

Jasalash.kz
Көктайғақтан тайып жығылғандар ауруханаға сыймай жатыр. Бүгін түске дейін облыстық жедел жәрдем ауруханасына 200 адам түскен.Мұзда мертіккендердің арасында жас та, кәрі де бар. Толассыз ағылған жұртқа көмек көрсету үшін дәрігерлер шұғыл тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Тіпті, пациенттер санының көптігінен қосымша травматолог, рентгенолог мамандарды жұмысқа шығарыпты.-Адамдар ағылып келіп жатыр. Көбісі мына көктайғақтан құлап, мертіккендер.Бәрін бірдей ауруханаға жатқызбаймыз, рентгенге түсіргеннен кейін анықтайды, қандай дәрежеде көмек керек екенін. Амбулаториялық ем алатындарды учаскелік емханаларға жібереміз. Жағдайды ескеріп,   3-4 травматолог, 1 невролог, 3 нейрохирург, 2 терапевті қосымша шығарып отырмыз,- дейді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рахымжан АРЫСТАН.Әкімдіктегілер жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Көктайғаққа байланысты жаяу жүргіншілер жүретін жерлерге құм сеуіпті. 300 адам  тазарту жұмыстарына шыққан. 200 текше метр шамасында  инертті материал  пайдаланылған. Ал көлік жолдарына  300 тонна тұз араласқан құм сеуіп тастапты.

Зада Зейін, Ақтөбе

Фотолар автордікі

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега