Әлеумет

«Көкжайлау тау шаңғысы кешенін салуға мүлде қолайсыз» – «Медеудің» бас инженері

Алматыдағы Көкжайлауда тау шаңғысы кешенін салу мәселесіне «Медеу» мұз айдыны құрылысының бас инженері болған Борис Яглинский пікір білдірді.

Фото: instagram.com/@arukahey

 92 жастағы ардагер құрылысшының айтуынша, бұл аумақ ірі тау шаңғысы кешенін орналастыруға қолайсыз.

Борис Яглинский – «Медеу» биік таулы спорт кешені құрылысының бас инженері, «Шымбұлақ» құрылысының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы және «Медеу» кешенін салғаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Оның сөзінше, Көкжайлаудың тау шаңғысы кешенін салуға жарамдылығы бұған дейін де арнайы зерттелген.

1988–1989 жылдары Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен Алматы тауларында ірі тау шаңғысы кешенін салуға қолайлы аумақты анықтау жұмыстары жүргізілген. Зерттеуге Борис Яглинскиймен бірге Франция, Испания және Андоррадан келген мамандар қатысқан.

Ардагер құрылысшы Көкжайлауда мұндай жобаны жүзеге асырудың тағы бір ықтимал салдарына назар аударды. Оның пікірінше, тау шаңғысы кешені ретінде басталған жоба кейін басқа мақсатқа пайдаланылып, аумақта мейрамханалар мен өзге де коммерциялық нысандар пайда болуы мүмкін.

«Мен бұл мәселені терең білемін. Біз француз, испан және андорралық мамандармен бірге Қаскелеңнен Түргенге дейінгі тау массивін түгел зерттедік. Сол кезде бұл пікірді мен ғана емес, шетелдік мамандар да айтты. Француздар, испандар мен андорралықтар Алматының тұрғыны да, Қазақстан азаматы да болмаса да, Көкжайлауда тау шаңғысы кешенін салу идеясын бірден үзілді-кесілді қабылдамады. Өйткені Алматының тау бөктері қаланы таза ауамен, сумен қамтамасыз етуге және тұрғындардың демалуына арналған.

Қазір осы кешенді салу идеясын ілгерілетіп жүрген адамдар кейін Көкжайлаудың мақсатын өзгертіп жібереді. Ол жерде мейрамханалар, түрлі ішімдік ішетін орындар және басқа да көңіл көтеру орындарын аша бастайды. Соның салдарынан біз тау беткейлерінен айырылып қаламыз. Мұны, басқаша айтқанда, бассыздық деуге болады», – дейді Яглинский.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Көк Жайлау