Саясат

Көлгіновке кеткен көл-көсір миллиондар

Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді. Еліміз ауыр індетпен арпалысып жатқанда бас қаланың басшысы өз имиджімен бас қатырып әлек болған.

Jasalash.kz

         Осыған дейін БҚО-ның әкімі қызметінде жүрген Алтай Көлгінов елорда еңсесінен орын алған беттен-ақ Арқаның алапат ақ қарымен сыналған еді. Кейінен, ауру өршіген тұста қала төрінен от шашу атып тағы бір ойысқаны бар.  Сол себептен бе, жылы орнына жайғасқаннан бері тұрғындардың жүрегіне тұрақтай алмаған басшы өз жұмысын бірден жарнамалауға көшкен.

         Алдымен, Көлгіновтың әкім болғанына 2 ай өтер-өтпестен Нұр-Сұлтан әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Dasco DataCom»  ЖШС-мен 125 миллион теңгені құрайтын келісімшарт жасады. Компанияға қойылған талап: әкімдікке мониторинг жүргізіп ғана қоймай, әртүрлі форумдарда, блогтарда, жаңалықтар мен халықаралық, қазақстандық ақпараттық-аналитикалық алаңдарда әкім жұмысына байланысты жарияланған негативті пікірлерге тосқауыл қою, әлеуметтік желілерде Көлгіновтың жұмысын жарнамалау болып табылады. Сонымен қатар, Инстаграм, Фейсбук, Вконтакте, Одноклассникидегі  парақшада пікір саны айына мыңнан кем болмасын делінген.  

Осы ретте саясаттанушы Гүлмира Сұлтанбаева былай деп пікір білдірді:

– Әкім имиджі, басшы ретінде қалыптасуы оның өзі басқарған өңірдің, қаланың өркендеуінен тануға болады. Имидж қалыптастыруға кеткен ақшаға ағарту, білім беру, әлеуметтік секторларды дамытуға жұмсаған қоғамға да, адамға да пайдалырақ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің имиджге жұмсаған қаржысы, әрине, ақпараттық кеңістіктегі әкімдік қызметін бағалауға жұмсалуы қоғамда резонанс тудырғаны рас. Меніңше, қала әкімінің имиджі оның «қайырымды қоғам басшысы туралы» Әл-Фараби трактаттарында аталған критерийлерін орындаса, ешбір қаржысыз беделін қалыптастырып береді. Бүгіннің әкімі халқын игілікке апарар стратег, сол шешімдерді басқаруда тактик болуы керек. Имиджге емес, әлеуметтік дамуға бөлінген қаржы сол имиджге салынған капиталға айналуы тиіс. «Басқарудың екі түрі бар – ізгі басқару және надандық басқару» дейді Әл-Фараби. Ғұламаның ізгі басқару дегені осы жолды айтса керек. Надандық жалған атақ, өтірік мақтау жинағанның арты бір-ақ тұтам екенін ұмытпау керек.

         Тоқаевтың «әкім қызметін жарнамалауға  мемлекет бюджетінен ақша бөлуді азайту» туралы сөзін Көлгінов құлағына да ілмеген іспетті. Себебі, Алтай мырзаның имиджі үшін биыл мемлекет қоржынынан көл-көсір қаражат қағылды. Қазақстан короновирус ілмегіне ілінген тұста елорда әкімдігі басшының беделі үшін 267 миллион теңгенің келісім шартына қол қойған. Жеңімпаз атанған «New Vision LTD» ЖШС-ға жүктелген міндет: «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Медиа орталығының қызметін үйлестіру және ақпараттық сүймелдеу. Жергілікті және республикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметін жариялау» болып табылады. Бұл жолғы пиардың пәрмені «жағымды пікір қалыптастыру» тендерінен 2 есе жоғары.

         Осы тұста белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов былай деп пікір білдірді:

– Әкімнің жұмысымен тұрғындарын хабардар етіп отыратын қала әкімдігінің баспасөз қызметі бар. Басшының жұмыс істеп жатқандығын көрсетуге сол баспасөз қызметінің өзі жетеді. Оған арнайы мемлекет бюджетінен қаржы бөліп жарнамалаудың не қажеті бар? Егер, әкім шынайы жұмыс істесе, баспасөз қызметі халықпен таныстырып отырса имимджі онсыз да қалыптасады емес пе? Әлеуметтік желіні жүргізу, блогтар жазуға тендер ойнатуды дұрыс деп есептемеймін. Бұл қаражатты бекер жұмсаумен тең.

Бас қала әкімдігінің қызметі жайлы ақпараттандыратын «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» басылымдары мен elorda.info, astana_akshamy.kz, vechastana.kz ғаламтор порталдары тақиясына тар келгендей, жұмысын жарнамалауға әуес әкім мемлекет қалтасына қол сұғуын тоқтатар емес. Ендігі еркелігі – қызметін тек орыс тілінде жарнамалау екен. Елорда әкімдігі тағы да Көлгіновтың қызметіне тендер жариялаған. Бұл реттегі жарнама карантин кезінде жұмыссыз қалған қала тұрғындарының жұмысқа орналысып жатқандығын көрсетуі керек. 58 миллион теңгені құрайтын тендер қазақ тілді газеттерді дәмелендірмейді.  Себебі, жарнама тек  Ресей тілінде жариялануы керек деп талап қойылған. Қазақстандықтардың 85 пайызға жуығы қазақ тілін еркін меңгерген деп есептесек, Алтай мырза қалған орыс тілді 15 пайызды жарылқап отыр. Сонда бас қала әкімі ұлттық тілден ұшынған ба?

Осы тұста елорда тұрғыны Аружан Мажіт Көлгіновтің жұмысын жарнамалағаннан қалалықтардың хәлі жақсармайтынын айтады:

– Жарнамаға жаны құмар екен, тым болмаса қаражатты қайырымдылыққа жұмсаса, беделі онсыз да үстемдемейді ме? Астанада  басына пана болатын баспана таппай сабылғандар саны қаншама?! Құр пиар әкімнің өзіне болмаса, елге түкке де пайдасы жоқ. Ол өзінің тұлғасын қалыптастыруға ғана қаржы жұмсап жатыр. Адал қызмет етіп, «ақырын жүріп анық басса» еңбегінің жемісі жарнамасыз-ақ жетілер еді.

Расында,  осының өзінде Көлгіновты жағымды жақтан жарнамалауға жарты миллиард көлемінде қаржы жұмсалған. Нұр-Сұлтандағы 1 бөлмелі пәтер құны шамамен 16 миллионды айналса, тендерге таңылған теңгеге 28 баспанасыз тұрғындарды жылы орынмен қамтамасыз етуге болар еді. «Дағдарыс кезінде керексіз шығынды қысқартамыз» деген ел президенті сөзін салмақтамаған әкім пиарды пайдалырақ деп көрген болу керек. От шашу атып «от басып», орыс тілін қолдап беделін ойсыратын алған ордабасы жұмысын жарнамалауға тендерге бөлінген теңгенің де шамасы келмесі анық. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» демейтін ба еді...

Айжан Бүркітбаева
Тегтер: Без Тега