Көліктің көптігі Атыраудың «бас ауруына» айналды
Мұнайлы астанада жыл санап халық санының артып, тұрғын үйлердің көптеп салынуы автокөлік тұрақтарының тапшылығын туғызып отыр.
Жыл соңына дейін «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 көп қабатты үй пайдалануға берілмек. Талғайраң елді мекенінен де 1300 гектар жер учаскесі тұрғын үйлер салуға бөлінді. Салынып жатқан нысандардың барлығында 60 пәтерлік тұрғын үйге 900 шаршы метр, 120 пәтерлік үйге 1800 шаршы метр көлік қоятын орындар болуы керек деген талаптар сақталуда. Соған қарамастан, 61 мың көлікке тұрақ табу мен көшедегі жүріп-тұруын реттеу күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналған жайы бар.Қазіргі таңда Атырау қаласында 145 автотұрақ пен көлік қоятын орын тіркелген. 2017 жылы автотұрақтар үшін бюджетке 7 131 теңгенің үстінде төлемақы келіп түсіпті.Жақында шаһардағы көлік қозғалысына мониторинг жүргізген облыстық қоғамдық кеңестің зерделеу тобы «бұл мәселені тездетіп қолға алмаса болмайды» деген қорытындыға келді. Көлік иелерінің орынның жоқтығынан тротуарларға, жиектастарға, тіпті, балалардың ойын алаңдарына қоюы үйреншікті жайға айнала бастаған. Құлманов көшесіндегі бір ғана «Атырау-Гранд» аталатын үйдің автотұрағына елудей машина сияды. Одан артылған жүзден аса «қозғалыс құралы» жаяу жүргіншілер жолы мен кір жаюға арналған орындарды басып кетеді екен. Ал 1980-1990 жылдары салынған кейбір үйлерде тұрақтар мүлдем қарастырылмапты. Ол тұста қалада 150 мыңдай адам тұрса, бүгінгі есеппен 235 мыңнан асып жығылады. Көлік саны да еселеп көбейген. Бұл қарқынмен Атыраудың басындағы жағдай санаулы жылда аудан орталықтарының да алдынан шығады деп болжанып отыр.Жеке үйлерден бөлек, кафе-мейрамхана, супермаркеттердің маңайы ығы-жығы көліктен көз ашпауға айналған. Қаладағы әділет және статистика департаменттерінің алдын маңайдағы ресторан клиенттері «меншіктеп» алыпты. Базарлар жайлы әңгіме — өз алдына бөлек. Атыраудағы «Дина», «Мұрагер», «Көктем» сынды сауда орталықтарына келушілердің көліктері әудем жерді алып жататыны үйреншікті көрініс деуге болады. Айта кетейік, бұл жерлерге көлікпен кіру – ақылы, кемі 200 теңге төлейсіз. Осылайша, тек қана «Дина» базарының күніне орта есеппен 200-300 мың теңге түсіретінін есептеп шығарған Атырау облысы қоғамдық кеңесі сауда орталығының соған қарамастан тұрақтарын жөндеу, жолдарын асфальттау сияқты жұмыстарды жасамай отырғанына наразы.-Біз қазір заманауи автотұрақтар салу мәселесін қолға алып жатырмыз. Әуежай мен теміржол вокзалының алдындағы алаңдар қайта жасақталатын болады. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттары жасалуда. Бұл араларға соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылып, электронды онлайн тәртібін енгізілмек. Ал ірі сауда орындары мен коммерциялық ұйымдарға заманауи паркинг, автотұрақ салу жөнінде ұсыныстар беріп отырмыз. «Дина» базары осы айда өзінің көтерме сауда бөлігін қаланың сыртына біртіндеп көшіру жұмыстарын бастайды, — дейді қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ. Қаптаған көліктерге орын тауып беру үшін бірқатар шаралар қолға алынып отыр. Мәселен, өз аумағынан қосымша автотұрақ салуға ниет білдірген кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйым басшыларының өтініштері кедергісіз қанағаттандырылмақ. Сондай-ақ, «уақытылы және мақсатты пайдаланылмаған жер учаскесі» ретінде қала аумағындағы бос тұрған гараждарды да мемлекет иелігіне қайтару көзделуде. Алайда, гараждар алқа-салқасы шығып, бос жатқан күннің өзінде біреулердің жеке меншігінде болып тұр. Демек, оларды қайтарып алу бірқатар заңдық негіздер мен қаражатты талап етеді. Бос жерлерді анықтау барысындағы қаладағы кей тұрғындардың үйлерінің жанынан көлік қозғалысын шектейтін қоршаулар орнатып алатыны анықталды. Осылайша, жиырмадан астам заңсыз қойылған темір блоктар мен шлагбаумдар алынып тасталды.