Қоғам

«Пак есін біліп жатты»: Алматыдағы жол апаты кезінде оқиға орнына келген полицейден жауап алынды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Фото: Жас Алаш

Түске дейінгі сот процесінде қайғылы оқиғаның алдында Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлерден жауап алынды. Куәгерлер өз жауаптарында Пактың ішімдік ішкенін көрмегенін айтты.

Түстен кейінгі процесте қайғылы жол апаты болған орынға бірінші болып жеткен полицей куәлік етті.

Сот отырысында патрульдік полиция қызметкері Беспаев оқиға болған түні әріптесімен бірге түнгі кезекшілікке түскенін айтты. Оның сөзінше, 21 наурыз күні шамамен сағат 03:00-де олар Әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта патрульдеу жүргізіп келе жатқан. Назарбаев көшесімен қиылыста бағдаршамға тоқтаған сәтте қатты соққының дауысын естіген.

«Қатты соққы естілгеннен кейін бірден оқиға орнына бет алдық», – деді куәгер.

Полиция қызметкерінің айтуынша, апат орнына жеткенде олар зақымданған көліктерді көрген. Әріптесі кезекші бөлім мен ауысым басшысына жағдай туралы дереу хабарлаған, ал өзі жедел жәрдем шақырған.

Куәгердің мәліметінше, алғашқы кезекте бір көліктің жүргізушісі қауіпсіз жерге шығарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған. Кейін полицейлер екінші көлікке жақындаған.
Оқиға орнына көп ұзамай қосымша патрульдік жасақтар мен басшылық келіп, зардап шеккендерге көмек көрсету және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылған.

Полицейдің сөзінше, апат түнгі сағат 03:34 шамасында болған. Полицейлер оқиға орнына келген бойда жедел жәрдем шақырып, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге кіріскен.

Куәгердің айтуынша, көлік жүргізушісі ауыр жарақат алғанымен, есін жоғалтпаған.

«Ол есін білді, бірақ ештеңе айта алмады. Ауырсынғаннан шок жағдайында болды», – деді полиция қызметкері.

Сотта куәгер жүргізушіні көліктен шығаруға өзі де қатысқанын растады. Сонымен қатар сол сәтте жүргізушіден алкоголь иісін сезбегенін айтты.

«Оқиғаның бәрі өте жылдам өрбіді. Біз зардап шеккен адамға көмектесуге асықтық. Сол кезде алкоголь иісін байқамадым», – деп түсіндірді куәгер.

Оның айтуынша, апат орнында полиция қызметкерлерімен қатар көмек көрсетуге ұмтылған басқа азаматтар да болған.

Сайт Әкімшілігі