Көлсай мен Қайыңдыға ағылған туристер саны артып келеді
Алматы облысының інжу-маржаны саналатын Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі соңғы жылдары ішкі және халықаралық туризмнің басты бағыттарының біріне айналды. Көкпен таласқан шыршалар, мөлдір айдын, тұмса табиғат пен асқақ таулар үйлескен бұл өңір бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі саяхатшыларды өзіне тартып отыр. Бұрын бұл өңірге жергілікті халық ат басын бұрса, бүгінде Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей және Парсы шығанағы елдерінен келетін туристердің қатары айтарлықтай артқан.
Алматыдан жолға шыққан бір топ журналист алдымен «Көлсай көлдері» ұлттық паркі аумағында жыл сайын 22 наурыз бен 5 маусым аралығында өтетін «Парктер шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясын қорытындылау шарасына қатысты. Осы шара аясында белсенділік көрсеткен мектеп ұжымы мен оқушылар арасындағы байқаудың нәтижесі анықталып, арнайы марапатқа ие болды. Ұлттық парк директорының орынбасары Хамит Ахметовтың айтуынша, бұл акцияның мақсаты – жергілікті тұрғындарды, азаматтарды табиғатымызды аялауға, ұлттық парктер мен қорықтардың гүлденуіне өз үлестерін қосуға шақыру.
Бұдан соң туристік нысанның бүгінгі әлеуетіне қатысты мәліметке қанық болдық. 2024 жылы «Көлсай көлдері» МҰТП аумағына 395 мыңнан астам турист атбасын тіресе, былтыр 600 мың адам келген. Оның 128 мыңы – шетелдік туристер. Ал жыл басынан бері Көлсай көлдеріне 121 мың 962 адам саяхаттаса, оның 48 140-ы – сырт елден. Олар негізінен Үндістан, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Франция азаматтары. Мамандар биыл да туристер ағымы жылдағыдан асып түсетініне сенімді. Соның ішінде жоспар бойынша туристік рекреациялық қызмет түрлерінен 675 368,7 мың теңге түссе, бүгінге дейін 138 265,9 мың теңге орындалған.
Шынында да, қарсы алдымыздан ұшырасқан бес адамның төртеуі – шетелдік турист. Малайзиядан арнайы келген бір топ жаспен тілдескенде алған әсері ұшан-теңіз екенін жеткізді. «Біз Қазақстан жайында көп білмесек те, шетелдік таныстарымыздың әлеуметтік желідегі блогынан Көлсай, Қайыңды көлі туралы бейнежазбалармен таныс болдық. Содан осы жаз маусымының алғашқы шымылдығын Қазақстанмен ашып, сапарлап келдік. Бұл жердің табиғаты әдемі, халқы қонақжай екен. Ауасы қандай?! Біз өз елімізден алысқа кетпегендей сезімдеміз» деген шетелдік жастар ұялы телефондары әсем фотоға толғанын айтып, өзара мәз болысты.
Олардың қызығатындай жөні бар. Себебі, жыл өткен сайын туристерге барлық жағдай жасалып келеді. Парк аумағында келген демалушыларға туристік маршруттарда серуендеу, шатыр құру, атпен серуендеу, балық аулау, қайықпен серуендей қызметі көрсетіледі.
«Көлсай көлдері» МҰТП Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Иманбаевтың айтуынша, экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында 9 туристік бағыт жұмыс істеп тұр.
«Бүгінде ұлттық парк аумағында экологиялық ағарту мен тазалыққа ерекше мән берілген. «Еріктілердің, мектеп оқушыларының, студенттердің, инспекторлардың қатысуымен «Таза Өлке», «TazaLike», «Таза аймақ», «Таза Қазақстан», «Бүкіл Қазақстандық ағаш отырғызу экологиялық акциялары» жыл бойы өткізілді. Биыл 2406 адам қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 5215 дана ағаш отырғызылып, 3,2 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы, жыл басынан бері парк аумағынан 36 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталды», – дейді парк директорының орынбасары Хамит Ахметов.
2026 жылы жалпы ұлттық парк аумағынан туристік рекреациялық мақсатта пайдалану үшін 19 ұзақ мерзімді және 6 қысқа мерзімді жер учаскесі пайдалануға берілген. Жер пайдаланушылар тарапынан Көлсай, Қайыңды, Күрметі сайларына визит-орталықтар салу, эко қонақ үйлер, глэмпингтер, қоғамдық тамақтандыру орындары мен Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлінің арасын байланыстыратын аспалы жол салу сияқты инвестициялық жобаларды іске асыру қолға алынбақ. Одан бөлек биыл Ұлттық парк аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында төменгі Көлсай көлінің сол жақ жағалауынан қайық тұрағына дейінгі аралықта ұзындығы 370 метр, ені 2 болатын темір соқпақ салу, 1 дана көру алаңы, 4 дана от жағатын орын даярлау, Көлсай бақылау-өткізу тоспасының орнын өзгерту және 3 жолақты автоматтандырылған шлагбаум жасау жоспарланған.
«Көлсай көлдері» МҰТП Қарабұлақ орманшылығының орманшысы Асхат Нұрдәулетовтың айтуынша, Қайыңды бақылау өткізу тоспасына автоматтандыру жүйесін орнатылып, Қайыңды демалыс аумағындағы автотұрақ толығымен қоршалмақ.
«Бұдан бөлек Қайыңды көлінің жағасында көру алаңын және 2 дана от жағатын орын жасалып, автотұраққа дәретхана орнатылып, Қайыңды көліне ұзындығы 450 метр, ені 120 см болатын жаяу жүргіншілер жолын салынады», – деді Асхат Нұрдәулетов.
15 млрд теңгелік аспалы жол салынады
Отандық туризмнің дамуы – инфрақұрылымнан бастау алады. Осы тұрғыда Төменгі және Орта Көлсай көлдерін жалғайтын аспалы жолдың құрылысына 15 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжанның айтуынша, жоба көпшілікке таныстырылып, жер телімдеріне қатысты барлық ұйымдастырушылық мәселелер толық шешілген. Ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын аспалы жолдың құрылысы биыл басталып, 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа аспалы жолдың іске қосылуы екі көл арасындағы қатынасты едәуір жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға серпін бермек. Бұл өз кезегінде Кеген ауданының тартымдылығын күшейтіп, отандық және шетелдік туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында Көлсай көлдерінен бірнеше шақырым қашықта орналасатын ірі автотұрақ та салынып жатыр. 500-ден астам көлікке арналған бұл нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Әкімдік өкілдері жобаның экологиялық талаптарға сай жүзеге асатынын, табиғи ортаға зиян келтірілмейтінін, ағаш кесу қарастырылмағанын атап өтті. Құрылыс барысында заманауи, соның ішінде қытайлық технологияларды қолдану көзделген.
Тағы бір жағымды жаңалық – Саты ауылы мен Қайыңды көлінің арасын жалғайтын жол салынуда. Саты ауылдық округының әкімі Нұрым Сағымжанның айтуынша, жалпы ұзындығы 9,9 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолды күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Құны 2,43 млрд теңге болатын жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. Ал негізгі жұмыстар жол жабынының сапасын жақсартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
«Бүгінгі таңда түзеу, тас төсеу жұмыстары бітті. Үлкен 3 көпір, 47 су өткізу құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталуға таяу. 3-4 күнде асфальт төсеу жұмыстары басталады. Мердігер «Сервис НС» ЖШС құрылыс жұмыстарын межелі уақыт – тамыз айының соңында аяқтайды», – деді ауыл әкімі.
Төменгі Көлсай көлінде жаңа құтқару пункті ашылды
Әрине, туристердің көптеп келуі отандық туризм үшін де, ұлттық парк үшін маңызды. Бюджет қазанын да қампайтады. Алайда, аумақ шамадан тыс адамға қызмет көрсете ала ма? «Көлсай бір күнде 6-7 мың адамды қабылдай алады. Одан көп адамға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселе де болашақта шешімін тауып, автоматтандыру жүйесіне көшу қолға алынбақ.
«Ондағы мақсат – Көлсай мен Қайыңды көлдерін табиғи күйін сақтап, болашаққа аманаттау. Бүгін 8 мың адам келсе, шлагбаум жабылады. Сонда ғана тепетеңдікті сақтай аламыз. Мысалы, ұшаққа, пойызға билет алғанда, бүгінге орын таппай, басқа күнге аласыз. Сол ұғым Көлсайға да енгізілетін болады. Өйткені, АҚШ-тың Йеллоустоун секілді ұлттық паркіне кіру үшін бір жыл бұрын жазылу керек», – деді Ғылым және туризм жөніндегі орынбасары Хамит Ахметов.
Айтпақшы, таяуда Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылдық округінде Көлсай көліне жақын жерде орналасқан «Көлсай» тікұшақ алаңы ашылды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бұл алаңның халықты эвакуациялауға, авариялық-құтқару бөлімшелерін жеткізуге және қажетті жабдықтарды жетуі қиын аймақтарға жедел тасымалдауға мүмкіндік беретінін айтқан.
Демек, соңғы жылдары туристік ағынды арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстар мен табиғи нысандардың танымалдығының өсуі Көлсай көлдері мен Қайыңды көліне келушілер санын алдағы уақытта да көбейте түспек. Әсіресе экотуризмге деген қызығушылықтың артуы бұл бағыттың тартымдылығын одан әрі күшейтіп отыр. Осы үрдіс сақталса, Алматы облысындағы бірегей табиғи аймақтар – соның ішінде Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі ішкі және халықаралық туристер үшін ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала бермек.
Жігер Әшім, Алматы облысы