Әлеумет

Колумбиядағы жер сілкінісінен кейін 379 адам әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында

Колумбияда дүйсенбі күні таңертең болған жойқын жер сілкінісінен кейін 379 адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Фото: Giovanny Galvez/AFP

Бұл туралы Reuters жазды.

Құтқарушылар іздеу аумағын қысқартып, көптеген учаскеде іздестіру-құтқару жұмыстарынан үйінділерді тазалауға көшкен.

«Өкінішке қарай, тірі қалған адамдарды табу ықтималдығы азая түсетін кезеңге жақындап келеміз. Дегенмен біздің міндетіміз – іздеу жұмыстарын жалғастырып, жоғалғандар қатарындағы адамдардың барлығын табу», – деді Колумбияның Табиғи апаттар тәуекелдерін басқару жөніндегі ұлттық басқармасының басшысы Давид Тамайо.

Дүйсенбі күні таңертең болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісі тұрғын үйлерді, мектептер мен ауруханаларды қиратып, бүлдірген. Үкіметтің бағалауынша, апат салдарынан 10,5 мыңнан астам үй қираған.

Соңғы мәлімет бойынша, кемінде 281 адам қаза тауып, 3,9 мыңнан астам адам жарақат алған.

Шағын қалалар мен елді мекендердің кейбіріне құтқарушылар тек сәрсенбі күні кешке қарай жеткен. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар тірі қалғандарды іздеп, үйінділерді жалаң қолмен аршуға мәжбүр болған.

Бұған қоса, қарулы топтардың әрекетіне байланысты кейбір аудандарға әлі де жету мүмкін болмай отыр. Олардың бір бөлігі зардап шеккендерге көмек ретінде жіберілген азық-түлікті басып алғаны хабарланды.

Колумбияның бірқатар өңірінде тұрғындар әлі де ауызсусыз, газсыз және электр жарығынсыз отыр.

Дүйсенбіден бері елде 150-ден астам афтершок тіркелген.

Сайт Әкімшілігі