Қонаевтағы әскери бөлімде сарбаз ауыр жарақат алды
2006 жылы туған мерзімді әскери қызметші Қонаевтағы әскери бөлім ғимаратының төртінші қабатынан құлап, жансақтау бөліміне түсті.
«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, сарбаздың бірнеше қабырғасы сынған, өкпесі, бүйрегі және қуыққа зақым келген. Оның қазіргі жағдайы мен оқиғаның нақты мән-жайы ресми түрде нақтыланбаған.
Туыстарының айтуынша, сарбаз отбасымен үнемі хабарласып тұрған және әскери қызмет жағдайына немесе денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Оқиғаға аз уақыт қалғанда ата-анасы ұлын барып көрген, олардың сөзінше, ол өзін жақсы сезінген.
Жақындары әскери қызметшінің өздігінен терезеден құлап кеткеніне сенбейтіндерін айтып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жариялауды және оқиғаны жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етуде.