Аймақ

Кондитерлік өнімдер қаншалықты сұранысқа ие?

Кондитерлік өнімдер әрдайым сұраныста және соңғы уақыттары сұраныс тек артып келеді. Бұл орайда еліміз қантты, ұнды, шоколад-какао тәттілерін сырттан әкеліп отыр.

Фото: из открытых источников

 Дүкен сөрелерін қарай қалсаңыз көршілес те, алыс та елдердің өнімі самсап тұрады. Ал Қазақстанда жасалғандары сирек. Бірақ жоқ емес. Сондай үлкенді-кішілі отандық өндірушілердің бірі – «Сәуле» кондитерлік фабрикасы. Жамбыл облысының эскпортына елеулі үлес қосып отырған аталған бренд көбіне вафли тәттісін шығарады. 

Фабрика Тараз қаласында орналасқан. Осыдан жеті жыл бұрын, 2017 жылы ашылып, өндіріске кіріскен, ақырындап нарыққа шыққан. Өнімдер каталогы бір типті деуге болады – вафлилер мен печеньелер. Әр өнімнің әртүрлі өлшемдегі қаптамасы бар. Одан бөлек, дәмдер палитрасы да ауқымды. «Сәуленің» тәттілерін қазір еліміздегі кез келген дүкеннен кездестіруге болады. Өзінің спецификалық дәмінің ерекшелігімен, бағасының қолайлылығымен ерекшеленетін кондитерлік өнімдер көпке танылып та келеді.

Фабрикадағы жұмыс пен процестер туралы фабриканың бас үйлестіруші маманы Диас Шаухаровпен сөйлестік. Оның айтуынша, ішкі нарық пен қоса экспорт та маңызды болып отыр.

«Біздің «Сәуле» кондитерлік фабрикасы 2017 жылы ашылғаннан бері нарықта табысты жұмыс істеп келеді. Алғашында өндіріс орны да, мамандар да шағын көлемде еді. Ал бүгінде 150-ден астам қызметкеріміз бар. Өндіріс те ұлғайып келеді. Себебі халықтан, тұтынушылардан сұраныс бар. Соған қарап, өнім көптің көңілінен шығуда деуге болады. Бір жағынан біз вафлилер мен печеньелерді австриялық және еуропалық стандарттармен шығарып жатырмыз. Бұл да сапаға оң әсер етеді. Қазіргі таңда лимон, қоюлатылған сүт, сары май дәмімен қара вафли, шоколад құйылған сүтті вафли, шоколадты вафли, сүтті, сырлы печенье сынды тәттілеріміз кеңінен саудалануда.

Құрылыстың жобасы 2015 жылы жасалып, газ, су, инфрақұрылым секілді жұмыстар фабрикаға сай қайта жасалды. Сонымен қатар заман талабына сай әкімшілік ғимарат салынды. Болашақта фабриканың аумағында цех салатын орындар да әзірленуде. Вафли және печенье шығаруда еуропалық HAAS-MEINCKE A/S компаниясының станоктары қолданыста. Бұл компания әлемде ең үздік зауыттардың қатарына кіреді. Ал дәмдерге келер болсақ, біз нарықты зерттеп, тұтынушыға қажетті дәмдерді жасап шығарамыз. Ал шабытты кішкентай бүлдіршіндер береді. Бастысы, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп жатырмыз. Әуелгі кезде біраз қиындықтар болғанымен, ортақ талапқа ыңғайланасың.

Елдің түкпір-түкпіріне тасымал жасайтын 9 дистрибьюторымыз бар. Отандық нарықтан бөлек, әртүрлі елдерге экспорт та жолға қойылған. Соның ішінде Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжістан, Грузия, Ресейге вафлилеріміз бен печеньелерімізді шығарып отырмыз. Экспорттың жалпы көлемі жылына мың тоннадан асады. Ендігі жолдағы мақсат – жаңа нарықтарға шығу. Мәселен, Моңғолия, Әзербайжан, Қытай, Ауғанстан сынды елдермен сауданы дамыту жоспарда бар», – дейді Диас Шаухаров.

Қазіргі жұмысына қарап фабриканың аяқалысы жаман емес деп топшылауға болады. Бір жағынан жеңіл өнеркәсіп өндімдерін, тамақ өнімдерін, соның ішінде кондитерлік өнімдерді өндіру мен саудалау, экспорттау – әлеуетті кәсіп түрі. Бір жағынан экспорттағы болашағы да бар. Әрине, өзіміздің импортқа көбірек тәуелді екенімізді ұмытуға болмайды. Десек те, ішкі өндірісті кеңейте отырып, өз нарығымызды арттыруға да, алыс-жақын шетелдерге шығуға да болады. Қазақстан кондитерлер қауымдастығының мәліметінше, жыл сайын Ресей, Кавказ, Қытай, Германия және Орталық Азия елдерінің нарықтарына 40 мың тоннаға жуық қазақстандық тәттілер жеткізіледі. Бір қызығы, Қазақстан экспортқа шығаратын өнімдердің басым бөлігін, шамамен 58 пайызын Ресей сатып алады екен.

Балауса Ділдәбек

Жамбыл облысы

Т. РАУШАНҰЛЫ