Әлеумет

Конгода Эбола жұқтырғандар саны бес мыңға таяды

Конго Демократиялық Республикасында Эболаның Бундибуджо түрін жұқтырғандар саны 4,4 мыңға жуықтады. Індеттен екі мыңнан астам адам көз жұмған, деп хабарлайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.

Фото: Jospin Mwisha / AFP via Getty Images

Ұйымның 9 тамыздағы соңғы апталық есебіне сәйкес, елде 4 381 адамның вирус жұқтырғаны зертханалық түрде расталған. Оның 2 011-і қайтыс болды. Індет кезіндегі өлім-жітім деңгейі 45,9 пайызға жетті.

Бір аптаның ішінде жағдай күрт нашарлаған. ДДСҰ-ның алдыңғы есебінен бері 579 жаңа жағдай тіркеліп, тағы 304 адам қайтыс болған. Ұйым Конгодағы эпидемиологиялық ахуалды вирустың «қарқынды әрі аумағы кеңейіп таралу кезеңі» деп бағалап отыр. 

Індеттің негізгі ошағы – елдің солтүстік-шығысындағы Итури провинциясы. Бұл өңірге барлық тіркелген жағдайдың 85,8 пайызы және қайтыс болғандардың 80,6 пайызы тиесілі.

Эбола індеті Конгода биыл 15 мамырда ресми түрде жарияланды. Небәрі 86 күн ішінде аурудан қайтыс болғандар саны екі мыңнан асты. Бұл – Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусы алғаш анықталған 1976 жылдан бергі 17-ші індет. 

ДДСҰ мәліметінше, қазіргі індетке Эболаның Bundibugyo (Бундибуджо) түрі себеп болған. Вирус Конгодан көршілес Угандаға да тараған. Мамыр айында ДДСҰ бұл індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Эбола вирус