Конституциялық сот не дейді, Президент не дейді?
Биыл 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Сол күні елде 1995 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Парламент тарады. Ал жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтетін болды.
Демек, биылғы жаз бен күз саяси науқанға толы болғалы тұр. Бірінші кезекте – Құрылтай сайлауы. Орталық сайлау комиссиясы бұл науқанның күнтізбесін жариялаған. Күнтізбеге сай, кандидаттарды ұсыну 2 шілдеде басталып, 13 шілде сағат 18:00-де аяқталады. Ал партия тізімін тіркеу 23 шілде сағат 18.00-де аяқталады. Бұдан соң үгіт-насихат кезеңі басталады. Ол 22 тамыз сағат 00.00-де аяқталады.
Қазірге дейін «Ақ жол», «Ауыл», «Respublica» және «Қазақстан халық партиясы» Құрылтай сайлауына кандидаттар тізімін жариялады. Орталық сайлау комиссиясы 1 шілде күні 1999 жылдан бері билік партиясы атанып жүрген «Аманаттың» (бұрынғы «Отан» және «Нұр Отан») Құрылтай сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген. Өйткені «Аманат» өткен айда «Әділет» партиясына қосылған болатын. Ал алдағы сайлауда басты фаворит саналатын «Әділеттің» съезі 10 шілдеде өтеді. Бұл партияның сайлауға түсетін кандидаттар тізімі сол күні анықталуы мүмкін. Сарапшылар осы тізім көп жағдайдан хабар береді деп санайды. Өйткені «Әділеттің» тізімінде қанша «экс-аманаттық» болатыны көпшілік үшін қызық.
Бұл сайлаудың жыры бөлек әңгіме. Оған алда әлі талай тоқталамыз. Бүгін басқа тақырыпты талқыламақпыз. Жаңа Конституция бойынша Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған сәттен бастап екі ай ішінде ел президенті Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындайды. Одан кейін дәл осы мерзім ішінде Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері тағайындалады. Ал Жоғарғы сот төрағасын, Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындау қажет.
Айтпақшы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы мен Бас прокурорды 7 шілдеде тағайындап қойды. Асламбек Мерғалиев – Жоғарғы сот төрағасы лауазымына, Берік Асылов – Бас прокурор қызметіне қайта тағайындалды. Олар бұл креслоға Қаңтар оқиғасынан кейін жайғасқан болатын. 54 жастағы Мерғалиев Жоғарғы сот төрағасы лауазымын 2022 жылғы 8 желтоқсаннан, ал 62 жастағы Ноғаев Бас прокурор қызметін 2022 жылғы 3 наурыздан бері атқарып келеді.
Мұның бәрі түсінікті сияқты көрінген. Өйткені біздің елде саяси өзгерістер «қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосынды өзгермейді» формуласымен жүретіні, ірі лауазымдарға жаңа есімдердің келе қоюы екіталай екені белгілі болатын. Сондықтан көпшілік Жоғарғы сот төрағасы мен Бас прокурордың өз орнында қалғанына аса таңғала қойған жоқ. Бірақ президенттің Конституциялық сотқа жолдаған сауалы жұрт арасында біраз талқыға түсті.
Мемлекет басшысы Конституциялық сотқа «Лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке қайта сайлана ала ма, не қайта тағайындала ала ма?» деген сұраққа жауап беріп, ресми түсіндіру туралы өтініш жолдаған.
Мұндағы 43-баптың 1-тармағында «Қазақстан президенті жеті жыл мерзімге бір рет қана сайлана алатыны» жазылған. Ал 72-баптың 2 және 3-тармағы бойынша «Конституциялық сот төрағасы мен судьялары бір реттен артық бұл қызметке тағайындала алмайды». 83-баптың 1-тармағына сай «Жоғарғы сот төрағасы қызметін бір адам бір реттен артық атқара алмайды». Ал 84-баптың 3-тармағында «Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Бас прокурор болып тағайындалмайды» деп жазылған.
Яғни Тоқаевтың сауалы ескі Ата заң бойынша сайланған президент, тағайындалған Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы және Конституциялық сот төрағасы қазіргі Ата заң бойынша қайта қызмет істей ала ма дегенге саяды.
Жаңа Конституция қабылданатыны белгілі болғаннан көпшілік «Қазіргі президент келесі сайлауға түсе ме?» деген сұрақты жиі талқылап жүргені жасырын емес. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылдан кейін президент сайлауына қайта түспейтінін бұған дейін бірнеше мәрте айтқан. Тіпті кейбір билікшіл сарапшылар да 2029 жылы елде жаңа президент болатынын айтып жүрді.
Конституциялық сот көп кешіктірмей президенттің өтінішіне жауап берді. Олар «бір адамның жоғарыда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституция бойынша атқаруы – 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енген соң осы қызметке сайлауына не тағайындауына кедергі болмайды» деп таныды. Яғни ескі Конституция тұсында қызмет атқарған адамның «2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі».
Демек, президент те, Ата заңда «бір қызметті бір мәрте ғана атқара алады» деп жазылған өзге лауазым иелері де жаңа Конституцияға сай бұрынғы креслосына қайта отыра алады. Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасы бұрынғы қызметіне қайта жайғасқанын жоғарыда жаздық. Ендігі басты сұрақ – қазіргі президент сайлауға тағы түсе ме?
Конституциялық сот елде жаңа Ата заң күшіне енген соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімінің есебі жойылады деген тұжырымға келіп отыр. Яғни Қазақстан президенті жаңа Конституциямен тағы да президент сайлауына түсе алады.
Біз белгілі заңгер Айыпхан МҰХАМАДИЕВКЕ хабарласып, бұл процесс қалай жүретінін сұрадық.
«Көп ұзамай президент сайлауы өтуі мүмкін»
– Конституциялық соттың бұл шешіміне қандай баға бересіз?
– Алдымен ҚР Конституциялық сотының 2026 жылы 7 шілдедегі қаулысының заңдылығын қарастырып көрейік. Бұл шешімде Конституциялық заңдылық қағидаттары сақталмады деп ойлаймын.
Біріншіден, Конституциялық сот Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың өтінішін қараған кезде сот құрамында заңға қайшылық белгілері бар екенін байқадық. Мысалы, президент өтінішін қараған төраға Э.Азимова және судьялар Қ.Жақыпбаев, А.Нұрмұханов, С.Ударцев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында болған. Яғни осы тұлғалардың өздері дайындаған Конституцияға өздері баға беруге құқықтары жоқ болатын. Екіншіден, осы өтінішті қараған сот құрамында Конституциялық іс жүргізу тілі – мемлекеттік тілді білмейтін мүшелер болды, олар тіл білмесе, оны түсінбесе қалай ойларын жеткізді? Демек, Конституциялық сот Қазақстан президентінің өтінішін басқа құрамда қарауы қажет еді.
– Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, қазіргі президент сайлауға қайта түсе алады. Сонда Ата заңдағы «президент 7 жыл мерзімге бір рет қана сайлана алады» деген норма бұзылмай ма?
– Конституциялық соттың қаулысында айтылған Қазақстан Республикасының әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарына және мемлекеттік билікті монополияға айналдыруға жол бермейтіні көрсетілген нормаларға сүйеніп айтар болсақ, бұған дейін қолданыста болған 1995 жылғы Конституцияда және жаңа Конституцияда «президент жеті жылға сайланады, бір адам бір реттен артық президент болып сайлана алмайды» деп бекітілген. Демек, мемлекет басшысының қайта сайлауға қатысуға құқықтық негізі болмауы керек. Бірақ егер Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық кеңесі заңдық негізде осындай шешім қабылдаса, оны орындауға міндеттіміз.
Қазіргі президент сайлауға қатыса ма, қатыспай ма, оны биыл күзде білеміз. Өйткені Конституция бойынша Құрылтай президент сайлауын жариялайды. Егер президент Қ.Тоқаев 2025 жылы қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін» дегенін ескерсек, ол сайлауға қайта түсуі әбден мүмкін.
– Президент Конституциялық сотқа неге сұрау салды деп ойлайсыз? Кей сарапшы президент сайлауы 2029 жылды күтпей, мерзімінен бұрын өтеді деп жүр, бұл пікірмен келісесіз бе?
– Мемлекет басшысының Конституциялық сотқа сұрау салу себебі президентке ғана қатысты емес. Бұл жерде қазіргі Конституциялық сот төрағасын, Бас прокурорды, Жоғарғы сот төрағасын тағайындау мәселесі көтеріліп отыр. Өйткені Конституциялық соттың қаулысы шыққан соң президент бұрынғы Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасын қайта тағайындады. Демек, осы сауал арқылы президент оларды қайта тағайындай ала ма, жоқ па, соны анықтады. Конституциялық сот олардың бұрынғы орнына қайта отыра алатынын нақтылаған соң ғана тағайындады. Әрине, бұл сұраудың ішінде президенттің өз мәселесі де көрсетілген. Конституциялық сот Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта сайлауға қатыса алады деген қорытынды беріп отыр.
Бірақ бұл жерде мынаны ескеруіміз керек: Конституцияда «Қорытынды және өтпелі ережелер» деген бөлім бар. Сонда «Парламент 1 шілдеде өз өкілеттігін тоқтататыны, Конституциялық сот төрағасы мен судьялары, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор және ҰҚК төрағасы жаңа Конституция күшіне енген күннен бастап 2 ай ішінде тағайындалуы тиіс» деп жазылған. Демек, Ата заңда оларды қайта тағайындау қажет екені ашық көрсетіліп тұр.
Ал президентке қатысты Конституцияда мұндай ештеңе айтылмаған. Сондықтан қазіргі президент сайлауға қатыса алады немесе қатыса алмайды деп айту қиын. Бірақ заңды, Конституцияны Конституциялық сот түсіндіреді. Осыған сүйенсек, көп ұзамай президент сайлауы өтуі мүмкін. Өйткені егер президент 7 жылын толық отыратын болса, ол ескі Конституция бойынша да, қазіргі Конституция бойынша да 7 жыл мерзімін толық өтеген болып шығады. Ал егер 7 жыл толық отырмай, мерзімінен бұрын сайлау өткізілсе, онда сөзбе-сөз түсінік бойынша 7 жылдық өкілеттігі өтпеген болып, қайта 7 жылға сайлануы мүмкін.
Ата заңда көрсетілген норманы өзгертуге де, президент мерзімін ұзартуға да болады. Ол біздің тарихта да, көрші елдердің тарихында да болған. Бірақ бұл халық қабылдаған Конституцияда сөзбе-сөз айтылу керек, сонда ғана біз оны әділетті Қазақстан деп атап, заң мен тәртіп қағидасы сақталды дейміз. Сондықтан бәрін халық шешеді. Егер халық, Құрылтай, Халық кеңесі немесе басқа бір қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар, партиялар президенттен қайта сайлауға түсуді өтінсе, онда ол халықтың шешімі болып саналады. Конституцияда «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бастауы әрі егемендік иесі» деп жазылған. Сондықтан халық осы шешімді қолдап жатса, қазіргі президент қайта 7 жылға сайлануы әбден мүмкін.
Қуаныш Қаппас