Саясат

Көшпенділер ойындарындағы медаль дауы: Қазақстан министрі мәлімдеме жасады

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына қатысты пікір білдіріп, Қырғызстан халқына қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Министрдің мәлімдемесі Туризм және спорт министрлігінің Telegram-арнасында жарияланды.

Мырзабосынов Қырғызстан Министрлер кабинеті жанындағы Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, жарыстың қорытындысын талқылағанын айтты.

«Қазақ пен қырғыз халықтарын ортақ тарихи тамыр, жақын дәстүрлер мен рухани құндылықтар біріктіреді. Мұндай халықаралық жарыстар екі елдің спортшылары мен спорт саласы мамандары арасындағы байланысты нығайтады. Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Бауырлас қырғыз халқына қонақжайлығы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтамын», – деді министр.

Кездесу барысында Мырзабосынов Асанбаевқа көшпенді халықтардың ортақ мұрасының белгісі ретінде садақ сыйлады.

Айта кетейік, 6 қыркүйекте аяқталған VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медаль есебіне қатысты Қазақстан мен Қырғызстан тарапы әртүрлі қорытынды жариялады. Осыған байланысты жарыстың жалпыкомандалық есебінде қай ел бірінші орын алғаны жөнінде дау туындаған.

Сайт Әкімшілігі