Қоғам

Қоспаевтан тәркіленген Rolls-Royce автокөлігі нарықтағы бағасынан арзанға сатылды

Елдос Қоспаевтан тәркіленген Rolls-Royce Ghost Family автокөлігі аукционда 26,7 миллион теңгеге сатылды. Бұл сома көліктің бағалау құнынан едәуір төмен.

Фото: e-Qazyna

Turan LTD ЖК жасаған есепке сәйкес, 2013 жылы шығарылған люкс санатындағы автокөлік 62,6 миллион теңгеге бағаланған. Алайда ол нарықтық құнынан 35,8 миллион теңгеге арзан бағаға өткені белгілі болды.

Құжаттарда көлік 007VIP07 мемлекеттік нөмірімен тіркелгені көрсетілген.

Еске салайық, Елдос Қоспаев 2023 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және рейдерлікпен айналысты деген күдікпен Кипрде ұсталған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, ол басқарған қылмыстық топ ұзақ жылдар бойы заңсыз жолмен 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер учаскесі, 35 премиум санаттағы автокөлік және 9 миллион доллар қолма-қол қаражат иеленген.

Болат Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі ретінде белгілі Қоспаев өткен жылы 15 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сайт Әкімшілігі