Әлеумет

Қостанайда адам өліміне әкелген жол апаты үшін «КамАЗ» жүргізушісі шартты жаза алды

Қостанай облысында «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы «Газельмен» соғысып, салдарынан бір адам қаза тапқан жол апаты бойынша шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Соттың мәліметінше, жаза тағайындау кезінде сотталушының келтірілген материалдық және моральдық шығынды ерікті түрде өтегені, қайғылы оқиғаға өкінгені және кінәсін толық мойындағаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілген. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

«Істің барлық мән-жайын ескере отырып, сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ үш жылға көлік құралын басқару құқығынан айырды. ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді», – деп хабарлады Қостанай облыстық соты.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 17 қазанда кешкі сағат 19:00 шамасында сотталушы Т. тіркемесі бар «КамАЗ» көлігін жүргізіп келе жатып, Науырзым ауданындағы Дамды мен Қожа ауылдарының арасындағы автожолда қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбеген. Кедергі пайда болған кезде жылдамдықты төмендетпей немесе  тоқтаудың орнына, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Нәтижесінде қарсы бағытта келе жатқан «Газель» көлігімен соғысқан. Жол апаты салдарынан «Газельдің» жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған.

Науырзым аудандық соты жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу») бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы жүргізушіні кінәлі деп танып, 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жаза тағайындауды, сондай-ақ үш жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұраған.

Марқұмның туыстары соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды өтінген.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты