Қостанайда пойыз вагонына шығып селфи жасамақ болған жасөспірім ауыр жарақат алды
Қостанайда пойыз вагонына шығып, селфи жасамақ болған жасөспірім тоққа түсіп, ауыр күйік алды.
Оқиға 25 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында Оңтүстік теміржол паркінде болған.
Белгілі болғандай, жасөспірім суретке түсу үшін байланыс желісінің астындағы пойыз вагонының үстіне көтерілген. Сол сәтте оны жоғары кернеулі ток соққан.
Салдарынан бала денесінің 60 пайызын үшінші дәрежелі күйік шалып, күйік шогын алған. Сондай-ақ оның мұрны мен тілінде электр тогының әсерінен жарақаттар анықталған.
Оқиғадан кейін сот кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін оның заңды қамқоршысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот шешімімен оған 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.